Ормандағы өрт сөндірушілердің айлығы 60 мың теңгеден аспайды
Сенат депутаттары орманшылардың жалақысын 100 пайыз көтеруді ұсынып отыр. Айгүл Қапбарова бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Депутаттың айтуынша, қазір орманшылардың орташа жалақысы 100 мың теңге болса, ормандағы өрт сөндірушілердің айлығы 60 мың теңгеден аспайды. Сонымен қатар, Сенатор су цистернасы бар автокөліктің тым алыс болуына байланысты мамандар өрт ошағына уақытында жете алмайды дейді. Қазіргі заманғы әуе құралдарының болмауы, қызметтік көлікпен, арнайы киіммен толық қамтамасыз етілмеу мәселелері орманшылардың жұмысын қиындатады екен.
«Орманға қауіп төндіретін өртті сөндіру ең алдымен орманшылардың міндетіне жатады. Төтенше жағдайлар күші әдетте үлкен өртке айналған жағдайда көмекке келеді. Ал көмек келгенше, өрттің таралмауын ұстап тұруға орманшылардың қолда бар материалдық-техникалық базасы мен адам саны жетіспейді. Дер кезінде сөндірілмеген өрттің салдары қандай зардапқа, орны толмас шығындарға әкеп соқтырып жатқаны бәрімізге мәлім», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.
Сенатор сонымен қатар, қызметкерлердің зейнетке шығуына байланысты білікті орман шаруашылығы мамандарының саны жыл сайын азайып бара жатқанын, ал жастар жалақының төмендігіне байланысты олардың орнына келгісі келмейтінін айтады.
«Өрттен дер кезінде қорғау мақсатында орман қорларына жақын аумаққа қосымша мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерін ашуды ұсынамыз. Сонымен бірге, саланың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін оларды нормативке сәйкестендіру үшін алдағы 3 жылда 100 пайыз қамтамасыз етуді облыстық және республикалық деңгейдегі барлық мекемелерде еңбек ететін мамандардың жалақысын кем дегенде екі есеге арттыруды көздейтін кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.