Электр желісін тартып береміз деген уәдемен жауаптылар әр үйден 150 мың теңгеден жинап, тайып тұрған
Талғар ауданының әкімшілігі жоғары кернеулі электр сымының астына үй салуға рұқсат берген. Бастапқыда электр бағаналарын көшіріп бастағанымен, арты аяқсыз қалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мұндай көше бар екенін әкімдіктегілер біле ма екен?» деп ашынған жұрт Алғабас көшесінің аты болғанымен, көлік жүретін жерде жоқ дейді.
«Мынау бір-ақ көше. Бір-ақ желі. Біз далада қалдық. Су жоқ. Жол жоқ. Энергия жоқ. Тіпті, емхана мен полиция да жоқ. Ал жолдың арғы шетінде бәрі бар», – деді Мағуза НҰРПЕЙІСОВ.
Тұрғынның жолдың арғы шеті деп отырғаны Іле ауданына қарайды. Онда жарық та, су да, жол да бар. Ал Талғар ауданының аумағына жататын біздің жалғыз көшеде ғана мәселе шаш етектен дейді тұрғындар. Алдымен электр желісін тартып береміз деп уәде еткен жауаптылар әр үйден 150 мың теңгеден жинап, басын бастап тайып тұрған.
«Ержан Смағұлов деген азамат бәрімізден қомақты ақша жинап алды. Ол электр бағаналарын үйден алысырақ жылжытып, трансформатор әкелемін және құжаттарыңды реттеп беремін деп уәде берді. Ақшаны тұрғындардан жинап алған соң, жұмысты соңына дейін жеткізбей тастап кетті», – деді Жанар РАХИМОВА.
Тұрғындардың айтуынша құжаттарында ешқандай мін жоқ. Әкімнің, архитектордың қолы бар. Бас жоспарда жол көрсетілгеннен үй салуға кіріскен. Мәселенің бәрі осы кезде басталыпты.
«Кіргеннен кейін басталды тұрғындардың мәселесі. Жолдың шетінде белгі ілетін жер жоқ. Өрт сөндіру, жедел жәрдем, ТЖ өкілдерін шақыруға мүмкіндік жоқ. Іле ауданынан шақырсақ бізге келмейді. Сондықтан бізге көмек керек. Бір емес, осымен бірнеше мәрте көтеріп отырмыз бұл мәселені», – деді Салтанат БАЙБАЛАЕВА.
«Бұл жер өзіндік қосалқы шаруашылық. Мұндай жерге басында қаражат бөлінбейді. Әркім өзі шешуі керек. Газ келеді. Бүгінгі көтерілген мәселелердің барлығын мен өз басым ауыл және аудан әкімінің аппаратына жеткіземін», – деді Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бас маманы Сәкен МҰСАБЕКОВ.
Тұрғындардың негізгі тілегі біреу-ақ. Іле ауданына жапсарласа орналасқан Алғабас көшесін, шенеуніктер Іле ауданына қосып берсе дейді. Осыны айтып облысы әкіміне бірнеше мәрте хатта жазыпты. Бірақ ешқандай жауап болмаған.