Колледж бүгінде 11 мамандық бойынша білім береді
Жастарды кәсіпкерлікке бейімдеу, жұмыссыздықты жою, студенттер жатақханасының құрылыс қарқынын арттыру. Елордадағы гуманитарлық заң колледжінде Президенттікке үміткер Дәния Еспаевамен өткен кездесуде осы мәселелер қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ақ жол» партиясының атынан сайлауға түскен кандидаттың айтуынша, жаппай кәсіпкерлікпен айналысу жұмыссыздықты біржола жояды.
«Бұл жекеменшік колледж ғой. Ендігі жылы жатақхананың құрылысын бастайын деп жатыр. Сондықтан бұл колледжге несие мен салықты төмендету жағынан жағдай жасалса деген ұсыныс түсті ұстаздардан», – деді ҚР президенттігіне үміткер Дәния ЕСПАЕВА.
Дәния Еспаева ұсыныстарды тиісті орындарға жеткізетіндігін айтты.
Құқықтану саласының мамандарын ғана емес, ағылшын және қытай тілінің аудармашыларын да дайындайтын колледж бүгінде 11 мамандық бойынша білім береді. Былтырдан бастап ол мемлекеттік тапсырыс та ала бастаған. Өткен жылы колледжге бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша 200 тапсырыс түскен болса, биыл бұл көрсеткіш 250-ге жетеді деген жоспар бар. Кездесуде түлектерді жұмысқа орналастыру, жастарды жеке кәсібін ашуға бейімдеу және оны насихаттау мәселелері де қозғалды.
«Қазір бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспеушілігі байқалады. Біз соны қолға алып, мемлекеттік грант есебінен бастауыш информатика және бастауыш ағылшын пәндерінің мұғалімдері оқытып жатырмыз», – деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл БАҚБЕРДІ.