Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл: ақынның құрметіне Қапшағай қаласында бюст ашылды

22.09.2020 01:31

Қазақтың Қадыры» кітабының тұсаукесері өтті

Almaty.tv

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп, бір-ақ сөйлеммен қазақтың болмысын ашып берген ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына биыл 85 жыл. Осыған орай ақынның құрметіне Қапшағай қаласында бюст ашылды, «Қазақтың Қадыры» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың біртуар ақыны, халық жазушысы Қадыр Мырза Әлиге арналған мүсін қоладан құйылған. Ескерткіштің Қапшағайда ашылуы тегін емес, өйткені дәл осы жер ақын Қадыр Мырза Әлидің туып, өскен жері Ақ Жайықты еске салады. Бюстің ашылуына ақынның жақындары, ізбасарлары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараны Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қоры ұйымдастырған.

«Демалуға келген адамдар тек қана суға шомылып кету үшін емес, қазақтың мәдениетімен сусындауға, әдебиетімен жақынырақ танысуға осы демалыс орны үлкен жағдай жасап тұр ғой деп ойлаймыз. Бүгінгі іс-шара соның алғашқы бастамасы деп есептеймін», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қадыр Мырза әли атындағы қоғамдық қор кеңесінің төрағасы Мереке Құлкенов.

Ақын көзі тірісінде өзінің 70 жылдық мерейтойында «Маған түк те керегі жоқ, сенсеңіз» атты өлеңін оқып береді. Сол сәті фотосуретке сәтті түсіп қалған екен. Мүсінші ақын бейнесін сол суретке қарап жасаса керек.

«Бюстті жасауда мен үшін ақынның өр мінезін, көзқарасын, халықтың адамы болғанын дұрыс жеткізе білу керек болды. Оның еңселі бейнесін, өлең оқып тұрған сәтін алып шығуға көп көңіл бөлдім. Мүсін халық көңілінен шығады деген үміттемін», – деді мүсін авторы Тимур Ермұхаметов.

«Жалпы ағаларың скульптураға өзі келіп тұрған адам. Ешқандай қиындықсыз жасауға болады. Сондай былайша айтқанда «типаж». Маған ұнады әуелде дайын болмай тұрғанда эскизін маған көрсеткен. Ең дайын болғандағысы осы, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Өте керемет, келісті, әдемі шыққан», – деді Қадыр Мырза Әлидің жары Салтанат Мырзәлиева.

Жиында журналист Қали Сәрсенбайдың «Қазақтың Қадыры» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапқа соңғы бес жылда «Алматы Ақшамы» газетіне жарияланып келген ақынның афоризмдері, автордың Қадыр Мырза Әли туралы естеліктері мен сұхбаттары басылыпты. Сонымен қатар, жазушы мұрасын насихаттап, оның жастар арасында танылуына үлесін қосқан жандардың барлығы Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды.

«Көлдің жағасында мынау қазіргі жастарға берері мол, үлкен іс-шара. Салмағы да басым деп ойлаймын. Жалпы Қадыр Мырзаны «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген бірауыз сөзінің өзі барша ұлтымыздың болмысын ашқынын білесіздер», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Бұдан бөлек ақынның шығармашылығы туралы шағын кітап көрме ашылып, демалыс аймағына шыршалар егілді. Қадыр Мырза Әли 50-ден астам поэзиялық жинақтардың, әдеби-сыни және балалар кітаптарының авторы. Қазақ оқырмандарын әлем халықтарының жұмбақтарымен таныстырған аудармашы. Оның өлшеусіз еңбегі келешек еншісіне мәңгі мұра болып қалары анық.

Назкен Еркін, Назерке Найзабекова, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы