Олардың өтінішін аппеляциялық сот қанағаттандырған жоқ
Алматы қаласында 5 тамызда «терроризмді насихаттады» және «діни араздық қоздырды» деп сотталған 8 адамның өтінішін аппеляциялық сот қанағаттандырған жоқ. 40 жастағы Болатбек Нұрғалиев 8 жылға, 39 жастағы Ернар Саматов пен 36 жастағы Бекет Мыңбасов 7,5 жылға сотталған. 27 жастағы Азамат Үмбетәлиев, 34 жастағы Жасұлан Ысқақов, 32 жастағы Самат Әділов, 31 жастағы Назим Абдрахманов және 36 жастағы Есім Сүлейменов «діни араздық қоздырды» деген айыппен әрқайсысы бес жарым жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2019 жылдың 5 тамызында Алмалы аудандық сотының Нұрғалиевқа, Саматовқа, Мыңбасовқа, Үмбетәлиевке, Ысқақовқа, Әділовке, Абдрахмановқа және Сүлейменовке қатысты шешімі өзгеріссіз қалсын. Сотталушылардың және олардың қорғаушыларының аппеляциялық өтініші қанағаттандырусыз қалды», – деді Алматы қалалық сотының судьясы Ержан КЕНЕНБАЕВ.
Естеріңізге салсақ, Болатбек Нұрғалиев «терроризм мен салафизм идеясын насихаттау және салафизм идеясын ұстанатындарды көбейту үшін» WhatsApp мессенджерінде топ ашып, өзімен пікірлес сегіз адамды тіркеген.