Алматыда детектив шығармалар байқауының жүлдегерлері марапатталды

16.12.2020 01:05

Байқауға қазақ детектив жанрының хас шебері Кемел Тоқаевтың есімі берілген

Сурет: Ерлік Кебекбай

Ұлттық кітапханада детектив шығармалар жарысы бойынша жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Байқауға қазақ детектив жанрының хас шебері Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Биыл үшінші жыл өтіп жатқан конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам автордың туындылары жолданған.  Шараның жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге. Оның 1 миллионы байқаудың жеңімпазы Нұрбол Әлдібаевқа берілді. Мәдени іс-шараның ұйымдастырушылары қазақ прозасының кенжелеп қалған жанрын жандандыруды көздейді.

«Кемел Тоқаевтың повесі жаңағы «Сарғабанда болған оқиғаны» оқып шықтым. Сонда 10 жыл бұрынғы оқиға көз алдыма тізбеленіп шықты. Сол әсерді ретімен қағазға түсіріп, бірнеше рет қайталап жазып, нәтижесін көріп отырсыздар, міне», – деді байқаудың жеңімпазы, заңгер-журналист Нұрбол Әлдібаев.

Сондай-ақ «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы» кітабы бойынша эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жоғары сынып оқушыларының арасында өткен байқауға шаһардың барлық аудандарынан жүзден аса бала қатысты. Үздік 6 шығарманың авторына ақшалай сыйлық берілсе, қалған қатысушыларға естелік үшін кітап таратылды. Жеңімпаздарды іріктеуге туындының авторы Рахман Алшановтың өзі жетекшілік етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Елімізде тарихи оқиғалар көп болды. Осыдан 20 жыл бұрын болған тарихтағы оқиғалар жазылды. Оның түрлі-түрлі факторлары, себептері бар дегендей. Балаларды ғылыми жұмысқа тарту, ізденіс жұмыстарына тарту дегендей осындай үлкен жұмыс атқарып жатырмыз», – деді қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов