Алматыдағы жекеменшік үйлерге өртке қарсы дабыл қондырғысы орнатыла бастады

Алматыдағы жекеменшік үйлерге өртке қарсы дабыл қондырғысы орнатыла бастады
Мұндай қондырғы осы уақытқа дейін 166 үйге қойылыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жер үйлерде өрттің алдын алу жұмысы жылыту маусымы аяқталғанша жалғасын табады. Демалыс күндері төтенше жағдай департаменті қызметкерлері 13 мыңнан астам жекеменшік үйді аралап, өрт қаупі төнгенде дабыл қағатын арнайы датчиктер орнатып шыққан. Мұндай қондырғы осы уақытқа дейін 166 үйге қойылыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сап түзеген қызметкерлерге беріліп жатқан жадынама қағаздары кейін қала тұрғындарына табысталады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар назарда. Төтеншеліктер тұрғындарға түсіндірме жұмыстарымен қатар, пешті тазалау әрі оны таза ұстау жөнінде кеңестер ұсынуда.

«Жетісу ауданы әкімі аппараты және Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен бүгінгі таңда өрт қауіпсіздігі ережесі бойынша мониторинг жүргізіп жатыр. Мониторингтің арқасында ауданда 144 үйдің пештерін көмірмен қыздыратыны анықталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта жұмыстар жалғаса береді», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мұхамедсахи ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.

Гүлмира Рүстемова 5 баланы тәрбиелеп отыр. Ең үлкені 8 сыныпта оқыса, кенжесі 4 жаста. Мына үйді жалдап келе жатқанына 15 жылдан асқан. Үй кезегі келіп қалар деген үмітте. Төтеншеліктер сақтық үшін үйді пешпен жылытып отырған отбасына өрт қаупі төнгенде дабыл қағатын арнайы датчик орнатты.

«Өзіміз мұржаны жыл сайын тазалап тұрамыз. Қолмен көмір салып, от жағамыз. Жұмыста азаннан кешке дейін балалар өздері отырады. Түсте келіп, тексеріп кетемін», – деді Гүлмира РҮСТЕМОВА.

Жетісу ауданында осы уақытқа дейін мынадай арнайы датчиктер 48 үйге орнатылған. Оның артықшылығы газдың концентрациясы қалыпты деңгейден асқан жағдайда арнайы белгі береді.

Дәл осындай қондырғы Ткачевтардың үйіне де қойылды. Сөздерінше, пешті үнемі қадағалап отырады. Осы уақытқа дейін пеште ақау болмаған. Бірақ «сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан өртке белгі беретін қондырғының пайдасы болмаса, зияны жоқ. Оның үстіне, тегін қойып беріп жатыр.

«Аралау барысында көпбалалы аналар, мүгедек, сәтсіз отбасылармен жұмыс атқарылуда. Қазір бәрінің жағдайларын біліп отырғаннан кейін шұғыл шешімдер қабылдануда. Яғни, азық-түлік себеті, көмір дейміз сондай сұрақтар шұғыл қабылдаймыз», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав ВАВИЛИН.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті есебінде 145 мыңнан астам жер үй бар. Жылыту маусымы басталған уақытқа дейін құтқарушылар оның барлығын тексеріп шыққан. Өткен жылдың 15 қыркүйегінен бері қалада 166 үйге датчик орнатылған. Жетісу ауданында әкімдік қолдауымен 30 дабыл қағатын қондырғы сатып алынған.

Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров