159 мыңнан астам халқы бар Наурызбай ауданында бұрын-соңды өрт сөндіру бөлімшесі болмаған
Қала күнінде Наурызбай ауданында жаңа үлгідегі өрт сөндіру бөлімшесі ашылды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев оның ашылуына қатысып, су жаңа депоның төтенше жағдайға дайындығын тексеріп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тегеуріні қатты тілсіз жауды тізгіндеу үшін тұрақта тың техника болуы керек деген Бақытжан Сағынтаев алдымен бөлімшедегі өрт ошақтарына шығатын машиналарға мән берді. Артынша қызметкерлердің қызметі қалтқысыз болуы үшін қандай жағдай жасалғанын қадағалап, бөлімше бастығына депоның символдық кілтін табыс етті.
«Сіздермен біздердің негізгі жұмысымыз - осы қала тұрғындарының тыныштығы. Өте үлкен жауапты қызмет сіздерде. Ал, сол жауапты жұмысты орындау үшін барлық жағдай жасалуы керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Алматы әкімі мұрындық болған өрт сөндіру бөлімшесі небәрі 1 жарым жылдың ішінде қолданысқа берілді. Жалпы аумағы 3,2 мың шаршы метр болатын алып бөлімшеде оқиға орнына шығатын алты қақпасы, 10-15 ауыр техникасы бар. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер үнемі бабында жүруі үшін, арнайы жаттығу алаңдары мен жатын бөлмелері де қамтылған.
«Ал, мынау ауданның ішінде. Баратын жер кемінде 4-5 шақырым болуы керек. 5-10 минуттың шінде жетіп бару керек. Біздің қаланы білесіздер, көлік көп, жолда жүру өте қиын», – деді ардагер өрт сөндіруші Жетпісбай Жанғалиев.
Қала күні қарсаңында тұсауы кесілген заманауи бөлімше енді Наурызбай ауданындағы өрт ошақтарына жылдам жетіп, қауіптің алдын алуғы жұмыс жасайды. Ондағы ондаған озық үлгідегі тың техника түрлі бағыттағы төтенше жағдайға төтеп беруге дайын екенін де аңғартып тұр.
«Өрт сөндіру бөлімшесі ашылғаны дұрыс. Өйткені газ, жан-жақта адамдар бар. Өрт болады, бәрі қауіпсіздік үшін», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Динара Балажанова.
159 мыңнан астам халқы бар Наурызбай ауданында бұрын-соңды өрт сөндіру бөлімшесі болмаған. Оған алаңдаулы жұрт жаңадан ашылған өрт сөндіру депосының жұмысына сәттілік тіледі.
Төтеншеліктер тосыннан келген тілсіз жаудың тегеурінін тоқтату үшін сүт пісірім уақытта дайын болулары шарт. Ал, Наурызбай ауданында салынған жаңа өрт сөндіру депосы қызметкерлердің оқиға орнына жылдам баруына жағдай жасапты.
Ал, өрт сөндірушілер оқиға орнына жету үшін небәрі 7-10 минут уақытты игеруі керек.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» теларнасы