Қазақстан тұзды көп тұтынатын елдер қатарына енген

27.09.2019 20:43

Мамандар нанның құрамындағы тұз мөлшерін 1 граммға азайтуды ұсынды

Ас тұзын артық пайдалану-қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан тұзды көп тұтынатын елдер қатарына енген. Мамандар бұл азаматтардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқанын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстандықтар тәулігіне орташа есеппен 17 грамм тұз тұтынады. Бұл ДДҰ ұсынған тәуліктік мөлшерден 3 есе артық. Мамандар нан-тоқаш өнімдері құрамындағы тұз мөлшерін 1 граммға азайту арқылы мәселені шешу жолын ұсынып отыр. Егер осы мақсатқа қол жеткізілсе, жұқпалы емес аурулардың алдын аламыз, дейді мамандар. Бүгінде бірқатар дерт түрлерінің кең таралуына осы тұздың тигізіп отырған зияны орасан екен.

«Тұздың мөлшерден тыс қолданылуы ең бірінші жүрек қан-тамыр жүйесіне әсер етеді. Жаңағы біз айтамыз, инфаркт, инсульт дейміз. Қан қысымының өсіп кетуі осы тұздың мөлшерінің көбіне байланысты тамақтағы. Біздің елде инфекциялық жатпайтын ауруларға байланысты өлім-жітім жағдайына осы жүрек қан тамырлары бірінші орында тұр», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы Нәсима ЖҮНІСОВА.

Бұдан бөлек, тұз бүйректің дұрыс жұмыс істеуіне,  жүйке жүйесінің жұқаруына зиян келтіріп, обыр ауруы мен қант диабетінің пайда болуына кері етеді екен. Балалардың мазасыз болуына, зейінінің төмендеуіне де осы ас тұзын көп қоданудың кесірінен дейді мамандар.

«Норма бойынша балалар жасына қарай 20-40 грамм күніне нан жеу керек. 40 грамм дегеніміз - екі кесек нан. Екі кесек нандағы тұздың мөлшері 0,7 грамм. Енді күніне алты кесек нан жесе ол 3,5 граммды тек қана нанмен қабылдайды», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы Нәсима ЖҮНІСОВА.

Нан-тоқаш өнімдерінің құрамындағы тұзды азайту іс-шараларын   Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеті қолға алыпты. Екіжақты  ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған. Ондағы көздеген мақсат - жастар денсаулығын нығайту, пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Эксперименталды-өндірістік цехында болашақ технолог мамандар  аз мөлшердегі тұз қосылған нан-тоқаш өнімдерін пісіруді үйреніп жатыр.

«Әрине тұздан бас тарту мүмкін емес. Өйткені ол тағамның дәмін келтіреді. Ол ашытқының көтерілуіне әсер етеді. Сондықтан қолданбау мүмкін емес. Бірақ нанда қолданудың өзіндік нормасы бар», - деді техника ғылымдарының докторы Нұрбибі  МАШАНОВА.

Ғалымдар, еліміздегі наубайханаларда нан өнімдеріне тұз мөлшерін азырақ қосуды ұсынады. Кеңес қажет болса, бөлісуге дайын екендіктерін де жеткізді.

Теги: соль