Атырау университетінің аудиториясына журналист Михаил Дорофеевтің есімі берілді

17.11.2021 22:00

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабарлады

Бүгін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде белгілі қазақстандық журналист, Президент сыйлығының лауреаты, академик – Дорофеев Михаил Викторовичтің есімі берілген аудиторияның ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-парақшасында жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

«Өзінің бүкіл саналы ғұмырын еліміздегі журналистканың дамуына арнаған Михаил Викторович осы университеттің түлегі. Оның отандық журналистика үшін атқарған еңбегі мен жемісті шығармашылық жолы барлығымыздың есімізде. Михайлдың алдын көріп, тәлім алған қанша буын жас тілшілер бүгінде оның өнегелі жолын жалғастырып келеді. Өкінішке қарай, биыл әріптесімізден қапыда айырылып қалған едік», – деп жазды министр.

Аида Балаева Министрліктің ұсынысы негізінде оның есімінің аудиторияға берілгенін атап өтті.

«Кәсіби қызметіне адал, айналасына сыйлы болған Михаил Викторович өзінің жемісті шығармашылық еңбек жолын осы Атырау қаласында бастаған болатын. Сондықтан бүгінгі шара біріншіден арамыздан ерте кеткен әріптесіміздің рухына көрсетілген құрмет. Сондай-ақ, бұл университет студенттері мен оқытушылар үшін де үлкен жауапкершілік», – деп жазды А. Балаева.