Елімізде тоғыз айда 342 мыңға жуық сәби дүниеге келді

20.11.2021 22:00

Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық бала құқықтарын қорғау күні атап өтіледі

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда 9 айда 341 854 бала дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық бала құқықтарын қорғау күні атап өтіледі. Денсаулықты сақтау құқығы негізгі құқықтың бірі. Ведомствоның мәлімдеуінше, балалардың денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі, ол «Салауатты ұлт «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында көрініс тапқан. 

«Біздің елімізде бала туудың оң динамикасы байқалады. Жедел деректерге сәйкес республикада 2021 жылдың 9 айында 341 854 бала дүниеге келді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінде туылғанға қарағанда 21 552 балаға көп», делінген хабарламада. 

Мемлекет балалардың денсаулық жағдайын жақсарту және сәби өлімін азайту үшін жүйелі шараларды қолға алған. Министрліктің мәлімдеуінше, аурулар мен даму кемшілігін уақтылы анықтау үшін 3,2 млн бала профилактикалық тексеруден өткен. 

«Баланы кішкене кезінен күту мәселесі бойынша кеңес беру үшін 600-ден астам баланы дамыту кабинеті ұйымдастырылды. Алдын алу үшін ерте скрининг жүргізіледі. Жүктілік кезінде құрсақішілік ұрықтың пренатальды скринингі, туа біткен гипотиреозды және фенилкетонурияны анықтау үшін неонатальды скрининг жүргізіледі. Жаңа туған нәрестелердегі ретинопатияны анықтау үшін офтальмологиялық скрининг, аудиологиялық скрининг және ерте жастағы балалардың психофизикалық даму скринингі енгізілді», делінген хабарламада. 

Сондай-ақ 17 жасқа дейінгі балаларды жыл сайын профилактикалық тексеру жүргізіледі. ДДҰ ұсынған тиімді перинаталдық технологияларды, реанимацияның заманауи әдісін іске асырудың арқасында шала туған балалардың өмір сүру деңгейі 80%-ға дейін артты. Жаңа технологиялар мен заманауи диагностикалық және емдік аппаратураларды, өкпе тінінің жетілуіне арналған дәрілік заттарды пайдалана отырып, жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды емдеу әдістері енгізілді.

Теги: сәби