Күннің ыстығы жиылған жұмысшыларға кедергі емес
Жамбыл облысында шағыл тас өндіретін кәсіпорын басшылығы мен жұмысшылар қырық пышақ болып жатыр. Себебі жиылғандар 4 айдан бері жасалған жұмыстың ақысын ала-алмай жүрміз дейді. Ал, зауыт басшылығы керісінше қарсы тарапты кінәлап көк тиын да бермейтінін айтып отыр. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жағдайдың анық- қанығын анықтап көрген еді.
Күннің ыстығы жиылған жұмысшыларға кедергі емес. Олар еткен еңбектің ақысын алу үшін, осында бірнеше күннен бері келіп жүр. Шығымданғандар кәсіпорынды 100-ден аса адам соғып, барлығы айлығын алмағанын айтады. Олар кәсіпкердің берешегі 2 миллион теңгеден асады дейді.
«Бізге айтып жатқаны, заттар ұрланып жатыр. Бізге қағазбен ештеме өткізілмеген. Көрмеген темірлерді мойнымызға іліп, ақша бермеудің амалын жасап жатыр», – деді жұмысшы Қуаныш Бұралқиев.
«Айт, демалыс күндері де жұмыс істедік. Демалыс жоқ. Зауытты бітіріңіздер, өздеріңіз жұмыс жасайсыздар деген. Мақұл дедік. Енді аяғы мынау болды. Айлық жоқ», – деді жұмысшы Әлім Маратов.
Ал, зауыт басшысы мүлде басқа пікірде. Ол 100 адам емес, тек 15 жұмысшымен келіспегенін айтады. Себебі олар жұмысты аяқтамаған. Яғни, қиыршық тас уататын қондырғыны дұрыс орнатпаған көрінеді. Сондықтан жұмысты толық бітірмеген тарапқа көк тиын төлемеуге хақым бар дейді.
«Осы күнге дейін істеген тірліктері оңбай жатыр. Біресе дәнекерлеу, біресе лента түсіп қалады. Роликтер мүлдем орнында тұрмайды. Келісім шарт бойынша олар өздерінің жұмысын толық жасаған жоқ», – деді кәсіпорын директоры Майра Молдабаева.
Фирма басшысы тас уатқыш қондырғы іске қосылғанда ғана жалақы төлейтінін айтады. Ал, шағымданғандар болса зауыт директоры еңбек ақыны бермеу үшін әдейі қондырғыны өшіріп тастады деген ойда. Сондықтан жалақысын даулағандар прокуратура мен еңбек инспекциясына шағымданбақ.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан