Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін экспорттайды – Роман Скляр

16.04.2019 22:04

Олар: ферроқорытпа, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында жасаған баяндамасында былтыр дайын өнімдер экспорты 16 пайызға артқанын ерекше атап көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрдің айтуынша, Индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы іске қосылып, экспортқа бағытталған жаңа өндірістер $458 миллионның экспорттық әлеуетіне ие. Шығарылатын өнімнің 50 пайызы экспортқа бағытталған.

«Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Олар: ферроқорытпа, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар. 2018 жылы дайын өнімнің экспорты 16%-ға (485 млн. АҚШ долл.) артты. Сонымен қатар, өңделген өнімдер экспортында дайын өнімдер экспортының үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға өсіп, 23%-ды құрады», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР.

Ол сондай-ақ, әлемдік нарықтағы тұтыну мен сұраныстың өсуін есепке алғанын мәлімдеді. Сондықтан, биыл бірқатар саладағы тауарлар экспортының көлемі өсуі мүмкін. Ол трансформаторларды, аккумуляторлар мен мойынтіректерді экспорттауды ұлғайту және  машина жасау, ферроқорытпалар мен болат құбырларын өндіруді ұлғайту есебінен металлургия, сондай-ақ, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларында орын алмақ.

Министрдің сөзінше, отандық компаниялар шет елердегі құрылыс нарығының үлкен әлеуетін ескере отырып, экспортаушыларға қолдау көрсетудің қолда бар құралдарын қолданулары қажет. Қазіргі кезде отандық құрылыс компаниялары құрылыс саласындағы халықаралық нарықты дамытуға кіріскен. Бұған Грузиядағы жолдарды салу, Словакиядағы темір жолдар және Қырғызстандағы өңдеу зауытын мысалға келтіре аламыз.