Сәндібек Хаиров лаңкестердің тәртіп бұзуы кезінде мемлекеттік міндетін адал атқарып, ерлікпен қаза тапты
Бүгін Алматы жұрты Қазақстан Қарулы күштерінің офицері Сәндібек Хаировты ақтық сапарға шығарып салды. Ол кешегі лаңкестердің тәртіп бұзуы кезінде мемлекеттік міндетін адал атқаруда ерлікпен қаза тапты. Подполковник өмірінің 20 жылға жуық уақытын әскери өмірге арнады. Антына адал болған әскери тұлға өмірінінің соңына дейін ел қауіпсіздігінің тыныштығы үшін еңбек етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәндібек Хаиров 35-гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқарып жүрген. Террористік топтар тұтқиылдан шабуыл жасаған кезде қаланың ең үлкен әрі маңызды стратегиялық нысаны – әкімдік ғимаратын қорғады. Қауіптің алдыңғы шебінде жүрді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқан офицердің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оларға мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетілетінін айтты.
«Біздің ендігі мақсатымыз – осы азаматтардың жарқын бейнесі алдағы ұрпаққа үлгі болып қалуында. Әкімшілік, өз тарапымыздан Сәндібек бауырымыздың отбасына қаржылық көмек көрсетті. Отбасына Алматы қаласынан пәтер бөлінеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сәндібек Хаиров 40 жасына қараған шағында қызмет бабында ерлікпен көз жұмды. Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған ұлы мен қызы және жары қалды. Денесін туған жері – Орал қаласына қою үшін бүгін таңертең офицерлер үйінен өз елді мекеніне жөнелтілді.
«Бауырымыздың көз жұмғанына әлі сене алмай тұрмыз. Ел қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауда олардың ерлігі әрқашан ерен. Оқиға болған күннен кейін оны қала аумағында іздеу жұмыстары жүрген еді. Кейіннен оның денесі табылғаны туралы қайғылы хабар келді. Артында қалған балалары мен туыстарына сабыр тілеймін. Қазаның арты қайырлы болсын», – деді «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы, ҚР мемлекет және әскери қайраткері Махмұт Телеғұсов.
Сондай-ақ қала әкімі алдағы күндері Республика алаңында үлкен мемориал қойылатынын айтты. Ескерткіште кешегі лаңкестердің тәртіп бұзуы кезінде ерлікпен қаза тапқандардың есімі жазылып, көпшілікке ұлықталатын болады.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы