Сондай-ақ әкім «Неделька» субұрқағын ретке келтіріп, жақын маңдағы ғимараттардың қасбеттерін жаңарту қажеттілігін атап өтті
Алматының ескі орталығын жаңарту жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram прақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Осы мақсатта Байсейітова көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен ҚБТУ маңындағы скверлерді безендіру бойынша ұтқыр шешім әзірлеуге конкурс жариялаймыз. Бұл аймақты көпшіліктің сүйікті демалыс орны болатындай және музыкалық кештер, түрлі тақырыптық көрмелер, көше көріністері мен көрсетілімдер өткізетін шығармашылық ортаға айналдырамыз», - деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ әкім «Неделька» субұрқағын ретке келтіріп, жақын маңдағы ғимараттардың қасбеттерін жаңарту қажеттілігін атап өтті.
«Үйлесімді ландшафтық дизайнды ойластырып, сол ансамбльге сәулеттік пішіндер, аркалар мен граффитиді үйлестіру қажет. Бұлар қазіргі заманғы технологиялар арқылы жарықтандырылады. Қала тұрғындарының тілектерін ескере отырып, алматылықтардың және қала қонақтарының демалуы мен шығармашылығына жайлы қоғамдық кеңістік жасаймыз. Жазға дайын болу үшін көктемге қарай Байсейітова көшесі мен соған жақын жатқан скверлерді қайта құрып, абаттандыру жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.