Жамбылда әскери қоймадағы оқ-дәрі қалдығын жою жұмыстары басталды

14.10.2021 23:19

Оқ-дәрі қалдықтарын жою жұмыстары 13 қарашаға дейін жүргізілмек

Almaty.tv

Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер фрагменттерін бақылап жару басталды. ҚР Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен жүргізіліп жатқан жою жұмыстарының барысын Almaty.tv тілшісі Мерей Бает бақылап қайтқан болатын.

Оқ-дәрі қалдықтарын жою жұмыстары күн сайын дүйсенбіден бастап жұма аралығында 13 қарашаға дейін жүргізілмек.

Ол үшін адамдар жоқ таулы жерде, әскери бөлім мен елдімекендерден алыста орналасқан, әскери бөлімнен 12 шақырымнан астам қашықтықтағы учаске белгіленді.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар тобы жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеп шыққан.

«Жергілікті атқарушы органдары мен жергілікті халыққа жару жұмыстарының жүргізілуі туралы алдан ала хабарланды. Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін тарта отырып, әскери полиция күшімен жару орнының айналасындағы аумақ қоршалды. Жару кезінде дыбыстық әсер болады. Жүргізілетін жұмыстың жергілікті халық үшін қаупі жоқ», – делінген хабарламада.