Өңірде тұтынушылар қажеттігін жабу үшін 5800 тонна газ керек
Дизель отынына қол жеткізе алмай жүрген Солтүстік Қазақстан өңірінің халқы енді автогаз тапшылығын көруде. Жанар-жағармай стансаларында соңғы 2 жұма бойы көгілдір отынның бағасы 110 теңгеден түспей отыр. Оның өзі тапшы көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавл тұрғындары автогазды 75 теңгеге құйып келген. Соңғы уақытта көгілдір отынның тапшылығы байқалып, газ бағасы бірден 30 теңгеге өсті.
«Соңғы рет 73 теңге болған. Қазір міне, 110 теңге болды. Солярка жоқ, бензин жоқ, енді газ бағасын қымбаттату үшін сатылымнан алып тастаған», – деді жүргізуші Марат Дүйсенов.
Автогаз еркін айналымда жоқ. Жанармай бекеттері газ алуға келгендерден таллон сұрайды екен. Жүргізушілер қымбат газды да ала алмай отырғанына наразы. Солардың бірі – Сергей Шумов. Ол осымен бесінші бекетке газ іздеп келіпті.
«Біріншіден, газ жоқ болып тұр. Қымбаттап кеткен, бірақ еш жерде жоқ. Бұл – газ сатып жатқан жалғыз жер. Жағдайымыз мәз емес. Адам сияқты газ құя алмай жүргенімізге 2 жұмадан асты. Үкімет қайда қарап отыр, білмеймін», – деді қала тұрғыны Сергей Шумов.
Энергетика бөлімінің басшысы газдың тапшы екенін жасырмады. Оның сөзінше, Петропавлдағы газ сататын 8 орынның 4-еуі дер кезінде газ алып үлгермеген. Кейбірі оны аукционнан қымбатқа сатып алып, енді газ бағасын шарықтатып отыр екен.
«8 газбен қамту ұйымына 200 тонна газ жеткізіледі. Ал қазан айында Энергетика министрлігінен қосымша 1,5 мың тонна газға өтініш береміз», – деді СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбеков.
Өңірде тұтынушылар қажеттігін жабу үшін 5800 тонна газ керек. Бүгінде қорда небәрі 500 тонна газ қалған.
Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан