Астана бағына келушілер тропикалық жемістердің дәмін тата алады

01.03.2019 21:33

Астанадағы Ботаникалық бақ жүйелері тек компьютермен басқарылады

Астанадағы Ботаникалық бақта тропикалық ағаштар жеміс сала бастады. Оның ішінде біздің күрт құбылмалы климатқа таңсық болған банан, ананас, апельсин, кумкват сияқты экзотикалық жемістер бар. Бұл былтыр ғана қолданысқа берілген жылыжайдағы өсімдіктердің алғашқы жеміс түюі. Жалпы, оранжереялық кешенде ұзын саны 2 мыңнан астам ағаш өсірілуде. Ал жақын болашақта ботаникалық бақ қызметкерлері мұнда қала тұрғындары мен қонақтары келіп, тропикалық өсімдік әлемімен жақын танысуына мүмкіндік жасауды көздеп отыр. Бірегей экскурсиялар алдағы көктемде ұйымдастырыла бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қазір біз субтропикалық және тропикалық оранжереядамыз. Оның аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Мұнда бір мыңнан астам өсімдік өсіп жатыр. Мәселен, мына фикус 30 жылдан астам уақыт бойы гүлдеп жатыр. Ал бұл кодиум. Оның сары, қызыл, жасыл түсті бес түрі бар. Өте әсем көрінеді.

«Жалпы, біздің ботаникалық бақ былтыр елорданың 20 жылдығына орай ашылды. Мұндағы топырақты Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ғалымдармен ақылдасып, арнайы форум өткізіп, жетілдірдік. Себебі, өсімдіктердің тамыр жаюы үшін негізі фактор – құнарлы жер. Ал дәл қазір біз банан ағаштары өсіп жатқан аумаққа өтудеміз. Бананның шындығында, пальма емес, шөп екені баршаға мәлім. Үлкен көлемдегі, ірі, алып шөп. Табиғатта оның биктігі 5 метрден басталып, 12 метрге дейін жетеді. Оның жеміс түюі үшін бір жылдай уақыт керек», – деді оранжереялық кешеннің меңгерушісі Шолпан МАСӘЛІМОВА.

Аталған банан ағашы Испания елінің тәлімбағынан әкелінген. Алғаш рет жеткізілгенде бүгінгі күйінен үш есе кіші болыпты. Өсімдіктің Астананың жылыжайына жерсінуіне 10 айдай уақыт кеткен. Дәп 10 айдан кейін банан ағашы алғаш рет жеміс түйіп отыр.

Оранжереялық кешенде банан ағашынан бөлек, лимон, апельсин және кумкват ағаштары жеміс беруде. Жалпы, жылыжайда 70-тен астам тропикалық және субтропикалық өсімдік түрі бар. Ал олардың жерсініп, өздерін жайлы сезінуі үшін мұнда суару мен температураны реттеудің автоматтандырылған заманауи жүйесі жұмыс істейді. Мәселен, мұндағы ылғалдылық деңгейі 70 пайыздан, ал температура 24 градустан түспеуі қажет.

Астаналық бақтың оранжереяларына орнатылған жүйелер ТМД аумағындағы ботаникалық бақтардың бірінде жоқ. Тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау – бәрі компьютермен басқарылады екен. Ылғалдындыру жүйесі тұрақты ауа температурасы мен ылғалын сақтап тұрады. Ал ғимараттың ішін салқындату қажеттілігі туындаса, тұман беріледі. Әр өсімдікке тамшылап суару жүйесі тартылған. Экзотикалық өсімдіктердің күтімімен бес маман айналысуда.

«Қазір біз цитрустық өсімдіктер аумағына өтіп келеміз. Экскурсия барысында алғаш көзімізге түсетіні – кумкват. Оны Испания еліндегі плантациядан алдық. Негізінен, бұл жемістен цукат жасайды. Бір қызығы, оның пісуі үшін бұтада 20 жапырақтан кем болмауы тиіс. Биыл апельсин ағашы да жеміс түйе бастады. 20 жылдық ағаш биыл алғаш рет жеміс салуда. Көктемде ашып, эскурсия жүргізгенде аталған жемістерді келушілерге дәм татуға ұсынамыз», – дейді Шолпан МАСӘЛІМОВА.

Ал оранжереяның қақ ортасында пальмалардың түр-түрі бар. Мәселен, құрма пальмасы әлі жас ағаш болса да, бақ қызметкерлері жуық арада одан құрма аламыз деп үміттеніп отыр. Ал Трахикарпус пальмасы құрғақшылыққа өте төзімді өсімдіктердің бірі. Бақта тұрған Александрия пальмасы да әлемде сирек кездесетін өсімдіктердің бірі. Ол 50 жылдан астам уақт бойы гүлдейді. Ал экспозицияның дәп ортасында корольдік пальма тұр. Ол өте жіңішке әрі биік ағаш. 40 жастағы өсімдік пальмари көркіне айналып та үлгерген.

«Оранжереямызда саговниктер бар. Ол қырыққұлақ пен қылқанжапырақтылар сияқты жер бетінде 200 миллион жылдан бері өмір сүріп келеді. Одан бөлек, папоротниктер де бар. Халықта «бұғы мүйізі» деп аталып кеткен. Ежелден келе жатқан өсімдіктердің ботаникалық бақта өсіріліп келе жатқанын мақтан тұтамыз. Орхидея гүлдерінің 40-тан астам түрі бар. Өкініштісі, аталмыш гүлдер бір айдан бастап алты айға дейін ғана гүлдейді. Аспаздықта ваниль қолданылатын нәзік жандылар үшін де ерекше экземпляр бар. Ол өсімдіктен аталған дәмдеуіш жасап шығарылады. Оны бізге Германия сыйға тартқан. Жалпы, біз Франция, Германия, Испания мемлекеттерімен етене жұмыс істейміз, тәжірибеміз алмасып тұрамыз», – дейді оранжереялық кешен меңгерушісі.

Оранжереядағы ерекше өсімдіктердің бірі – непентес. Аталған өсімдік жәндіктермен қоректенеді екен. Оның шыбын-шіркейлерді өз қақпанына түсіруге арналған құмыра тәрізді жапырақтары бар екен. Жәндіктер құмырадағы шырынның ерекше иісіне қызығады. Ұшып келіп, қонғанда құмыра қақпағын жауып, әлгі шыбын-шіркеймен қоректенеді. Ал мәселен, қыстыңгүні жәндіктер болмағанда, бақ мамандары өсімдікті арнайы сорпалармен тамақтандырады екен. Әйтпегенде, өсімдік солып қалады. Әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген бұл тропикалық және субтропикалық өсімдіктерді қала тұрғындары мен қонақтары сәуір айынан бастап тамашалай алады. Тіпті кей жемістердің дәмін де тата алады дейді бақ мамандары.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана