2019 жылы қаладағы 12 мың отбасы жәрдемақыға қол жеткізді
Қаңтар айынан бастап елімізде көпбалалы аналарға жәрдемақы жаңа ереже бойынша төленеді. 2019 жылы қаладағы 12 мың отбасы жәрдемақыға қол жеткізді. Мемлекет тарапынан берілген көмекті көп балалы аналар қалай қолданып жатыр? «Бақытты отбасы» орталығының қолдауымен биыл көптеген жобалар жүзеге асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алатау» ауданындағы көпбалалы аналар «Бақытты отбасы» орталығында қолөнер бұйымдарын жасайды. Көз жауын алған ою-өрнектер мен құрақтар бірінен бірі өтеді. Мұндағы аналардың көпшілігі осы орталыққа келгенге дейін тігін тігуден мүлде хабары болмаған. Олар қазір нағыз шеберге айналып, қолөнер бұйымдарының түр-түрін тігіп, оны сатып, ақша тауып жүр. Келіншектерді үйретіп жүрген Айгүл Дүмдебаеваның арғы әжелері де қолөнер шеберлері болған.
Айгүл - алты баланың анасы. Оның қол қусырып отыруға уақыты жоқ. Тұрмыс жағдайына шағым айтып, ешкімге қол жайып көрген емес. Өзінің жұмысын жақсы көреді. Осыны әйелдер көбірек үйренсе екен дейді.
«Мен - өзім екінші топтағы мүгедекпін. Тәрбиелеп отырған 6 баламның үшеуінің мүмкіндігі шектеулі. Өзім тігін тіккенді жақсы көремін, балаларымды да үйретіп жүрмін. Мемлекеттен көмек сұрап, қол қусырып отыра беруге болмайды. Сүйікті ісіңізбен айналысып, сол арқылы қуанышқа бөлену де бір ғанибат. Ақша да табуға болады. Мен қазір өзім тігін тігіп қана қоймай, басқа да аналарға үйретіп жатырмын», - деді тігінші Айгүл ДҮМДЕБАЕВА.
Алатау ауданында осындай қабілетті әйелдер қатары жетерлік. Бірі бұл жерге өз білімі мен тәжірибесін бөлісуге келсе, енді бірі жаңа кәсіпті игеріп, өзінің армандаған жұмысына қол жеткізу үшін келеді. Мысалы, визажист мамандығы курсына келген қыз-келіншектерге өзінің бетінің күтіміне мән беріп, кәсіби түрде боянуға үйретеді. Кейбір аналардың мақсаты - осындай күрстарды оқып, тәжірибелен өтіп, қаражат табу.
«Бақытты отбасы» орталығы 2 тамыз күні ашылған. Сол уақыттан бері 2000-ға жуық қыз-келіншекті қабылдадық. Жалпы мәлімет бойынша бізде 4 мыңға жуық көп балалы және аз қамтылған отбасы бар. Солардың 50-60 пайызы біздің әлеуметтік қызметкерлерден көмек алып, психологтың ақыл-кеңесіне жүгінген. Курс мамандарының айтуына қарағанда аналардың барлығы тек көмек сұрап қана отырмайды, өздерінің еңбекқор екенін де дәлелдеп келеді", - деді. Алматы қаласы алатау ауданы «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал БӘСІРОВА
Алғашқы «Бакытты отбасы» орталығы осы жылдың сәуір айында ашылған. Сол кезде 6 мыңға жуық адам әртүрлі мамандықты игеру үшін көмек алыпты. Ал тамыз айында қаланың 8 ауданында осындай орталықтар жұмысын бастады.
«Бұл орталықтардан 34 мың адам оқып, түрлі мамандықтар алды. Орталықтың жұмысы кеңейе бастағанда біз «Іскер ана» бағдарламасына енгіздік. Бұл кәсіпкерлікті оқытып, және оны жолға қоюға арналған жоба. «Бизнес бастау» бойынша 1721 адам оқып шықты. 617 көпбалалы ана 505 мың теңге көлемінде грант алды. 417 грант аз қамтылған отбасыларына берілді. Бұл төрт ай ішіндегі өте жақсы көрсеткіш», - деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Нұржамал РЫСҚҰЛОВА
Орталық мамандарының еңбегі еш кеткен жоқ. Әйелдердің көпшілігі кәсіпкерлікті жүргізу барысында өздерінің ерекше қабілетін көрсеті. Мысалы көп балалы ана Жадыра Көпжасарова өзінің аспаздық кәсібін бастаған.
«Шынын айтқанда көптеген қиындықтарға қарамастан, көлікке ақша жинадық. Әрине, көп жағдайда жетпей жатады. Ол кезде біз жалдамалы пәтерде тұратынбыз, дегенмен үнемдеуге тырыстық. Жеке кәсібімізді ашуға берілген мүмкіндікті пайдалапын қалуға тырыстық. Сөйтіп, ескілеу көлік сатып алдық. Жүк таситын Газель көлігі. Күйеуім осы машинамен адам да тасиды. Ал мен отбасымызға қажетті біраз заттар алдым» - деді көпбалалы ана Жадыра КӨПЖАСАРОВА.
Келіншек ақша жинау үшін той-томалақты азайтып, қаржыны үнемдеп пайдалану керек екен деп қалжыңдап та қойды.
«Жыл басынан жәрдемақы алуға 12383 өтінім келіп түсті. 12 183 азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмекке 7 миллиард теңге түгелдей жаратылды. 4 және одан да көп балалы отбасылар саны 5762. Қосымша табысы бар 600 ден аса отбасына әлеуметтік жәрдемақа берілдмейтін болды», - деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бөлімнің бас маманы Рүстем ИСМАИЛОВ
Қорыта келгенде, «Бақытты отбасы» орталығын құру мен атаулы әлеуметтік көмек беру Алматы әкімдігінің қарқынды жүргізген жобаларының бірі. Көптеген отбасылар мен көп балалы отбасылар осы жобалардың нәтиежесінде әлеуметтік жағдайларын көтеруге мүмкіндік алды.