Қазақстан әлемдегі тұзды ең көп пайдаланатын елдердің қатарында

04.07.2019 22:13

Адам күніне 2-5 грамм шамасында тұз тұтынуы керек, ал отандастарымыз тәулігіне 20 грамм тұз пайдаланады екен

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қазақстандықтардың тұзды тым көп пайдаланатынын айтып дабыл қақты. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі Energyprom.kz порталының ресми деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Мамандардың  есептеуініше, адам күніне кем дегенде 2-5 грамм шамасында ас тұзын тұтынуы керек. Ал отандастарымыз тәулігіне 20 грамм тұз пайдаланады екен. Еуропа мемелекеттерімен салыстырғанда, тұзды тұтыну бойынша бірінші орынға шығуымыздың себебін мамандар  біздің жерімізде тұздың арзан әрі қолжетімді болуымен түсіндіреді.

Расында, тұз өндіру көрсеткіші Қазақстанда бір жылдың ішінде 25 пайызға артқан. Бұл – шамамен 111 мың тонна өнім. Оның 70 пайызы экспортқа шығады.  Сондай-ақ соңғы жылы тұз бағасы 2 пайызға қымбаттаған. Бүгінде тауардың 97 пайызы Қызылорда өңірінен алынса, 2 пайызы – Тараз, 1 пайызы Түркістан облысында шығарылады екен.

Дәрігерлер тұзды аса көп мөлшерде пайдалану денсаулыққа зиян, тіпті өмірге қауіпті екенін ескертеді.