Елшілік осы жылдың 21-23 ақпан аралығында гранттық келісімшарт рәсімі өткенін жеткізді
Бүгін елордада Жапония елшілігі адамдардың қауіпсіздігіне арналған жоба бойынша гранттық келісім шартқа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан мен Жапония елшілігі арасында 24 жыл ішінде осы сынды 108 жоба жүзеге асырылған. Елшілік осы жылдың 21-23 ақпан аралығында гранттық келісімшарт рәсімі өткенін жеткізді. Бұл күндері 5 жобаға қол қойылған.
«Бұл жобаны Жапония үкіметі қарапайым халықтың өмірін жақсарту мақсатында жүзеге асырып отыр. Жапония елшілігі «Өсімдік тамыры» бағдарламасы әлеуметтік мәселелерді шешуге, сонымен қатар, қарапайым халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға үлес қосады деп сенеді. Сондай-ақ Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтады», – деді Жапонияның Қазақстан республикасындағы елшісі Джун Ямада.
Жобада Семей қаласындағы жедел жәрдем қызметін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылған. Сонымен қатар Жамбыл облысында да көпсалалы балалар ауруханасын жабдықтау жобасы жүзеге асатын болады.
«Нұр-Сұлтан қаласының мүгедек балалар қоғамына Инватакси жобасы жоспарлануда. Мақсаты – балаларды үйіне жеткізу үшін көлікпен қамтамасыз ету. Бұл ата-аналарға да жеңіл болады. Жұмыс істеуге көбірек уақыты болады. Көлік баласын үйіне дейін жеткізіп салады», – деді қалалық мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айман Жасанова.