«Білімді емеспін»: 9 жыл бойы күйеуінен қорлық көрген әйелдің жанайқайы

19.03.2019 22:17

Өмірден түңілген екі баланың анасы қоғамнан көмек сұрады

sputniknews.kz

Қит етсе, жұдырығын ала жүгіретін күйеуінен әбден шаршаған астаналық әйел заңгерлерден көмек сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы ол Instagtam желісіндегі astana_forum парақшасында жазды.

«Басқа аккаунттан жазып отырмын. Ақыл-кеңестеріңіз қажет. Тұрмысқа шыққаныма 9 жыл болды. Екі және тоғыз жасар ұлдарым бар.  Күйеуім 2 жыл ғана жұмыс істеді. Бұл кезде ол қомақты қаражат тапты. Ақшасын бірге жараттық. Бірақ қалған уақытта ата-анасының мойнында отырды.  Олар қолдан келген көмегін аяған жоқ (репетитор, балабақша ақысы, балалардың заттары, азық-түлік)», - деді әйел.

Оның айтуынша, күйеуіне шамасы келгенше қолдау көрсетіпті. Бірақ жолдасының қорлығына енді шыдай алмайтынын айтады.

«Миын жеген жоқпын. 9 жыл ішінде ол маған қаншама рет қол көтерді. Қайын атам мен енем маған қолдау көрсетті. Тіпті, ұлдарын «егер келініміз кетсе, сенен бас тартамыз» деп те қорқытты», - делінген жазбада.

«Менің барар жерім жоқ. Ақымақ әйел сияқты оның әрекеттеріне шыдап жүрмін. Анамның өз проблемалары жетеді, қолы бос емес. Әкем жоқ. Ешкімге үміт арта алмаймын. Алған білімім де жоқ. Күйем осыны айтып, балаларды тартып аламын деп қорқытады. Мен маскүнем емеспін. Ана ретінде өз міндетімді атқарамын. Тамақты жақсы дайындаймын, үйдің іші тап-таза», - деп жазды ана.

Сондай-ақ әйел соңғы кездері отбасының берекесі қаша бастағанын, күйеуімен арадағы қатынасы тіпті суып кеткенін ашық айтты. Оның айтуынша, жолдасының достары көп, жаман адам емес. Алайда әке ретінде балаларға көмектеспейді.

Сөз соңында жылдар бойы жәбір көрген әйел заңгерлерден көмек сұрады.

«Заңгердің көмегі керек. Күйеуім балаларымды тартып алып, мені ана құқығынан айыра ала ма? Өйткені ол ата-анасының арқасында күн көріп жүр ғой. Денемдегі соққының іздерін көрсетіп, оны түрмеге қамап тастау үшін кімге шағымдану керек?», - деп түйіндеді сөзін екі баланың анасы.