Бүгінгі күні Алматыда ШОБ субъектілерінің саны 185 мың
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен қала активінің отырысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті қолдаудың нақтылы шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ең алдымен, қалада мәдениет, туризм, көлік, логистика және ІТ инновация салаларындағы кәсіпкерлікті дамытуға назар аударылады.
Отбасылық бизнесті, соның ішінде көпбалалы отбасыларда практиканы дамытуға ерекше мән беріледі. Сондықтан Алматыда «Бақытты отбасы» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында әйелдерді кәсіпкерлікке үйрететін «Isker Ana» бағдарламасы қолға алынды. Жыл аяғына дейін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін олардың жұмыс орындарында тәлімгерлік пен тәжірибе жинақтау орталығын ашу жоспарланған.
Кәсіпкерлікке жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Алматыда 6 ауданда филиалы бар «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы құрылды. Мұнда барлық меморгандардың, даму институттары мен монополистердің мамандары қызмет көрсететін болады. Бүгінгі күні Алматыда ШОБ субъектілерінің саны 185 мың. Олар ІЖӨ 40%-ын, салықтың 64%-ын қамтамасыз етеді, 600 мыңнан астам жұмыс орындары құрылған.
«Басты міндет – жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Мемлекеттік органдар өздерінің қажеттіліктеріне біздің кәсіпкерлер шығаратын өнімдерді алуға тиіс», – деді Б. Сағынтаев.