Қазақстанның оңтүстігінде екі мемлекеттік қызметкер ұсталды, олар пара алды деп айыпталып жатыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында әкімдіктің екі бірдей қызметкері пара алды деген күдікке ілінді. Біреуі бөлім басшысы болса, екіншісі – ауылдық округтің әкімі, деп хабарлайды Sputnik.
"Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сауда жасауға рұқсат беру және кәсіпкерлік қызметке жалпы қамқорлық жасау үшін азаматтан жалпы сомасы 65 мың теңге алды деген күдікке ілінген әл-Фараби ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін Түркістан облысы Жетісай ауданы Қызылқұм селолық округінің әкімі де күдікке ілінді. Ол жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін беру үшін 500 мың теңге сомасында пара алды деп айыпталып отыр.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді сот шығарады.