Тәуелсіздік әрбір қазақтың өмір салты болуы керек – Кенжехан Матыжанов

17.12.2020 22:31

Ел егемендігінің 30 жылдығына санаулы күндер қалды

almaty.tv

Ел егемендігінің 30 жылдығына санаулы күндер қалды. Бұл кез келген азаматтың отау құрып, орда бұзар жасы. Осы ретте бұрынғыдай, «Тәуелсіздік – тірегіміз», «Тәуелсіздік  –  арқа сүйеріміз» деу аздық етеді дейді ғалымдар. Ендігі жерде, Тәуелсіздік  өмір сүру принципіне, күнделікті берік ұстаным мен ең басты құндылыққа айналуы тиіс деген пікір білдірді. Елдің ырысы мен ынтымағына, бекем бірлігіне, кемел келешегіне кепіл Тәуелсіздікті әр қазақ қастер тұтуы тиіс деп санайды филология ғылымының докторы.

«Біздің ұрпақ бақытты ұрпақ болып саналады. Өйткені біз тәуелсіздіктің орнағанын көзбен көрген және соның қиыншылықтарын, қуаныштарын, жақсылықтарын басымыздан кешкен ұрпақпыз. Тәуелсіздік әрбір қазақтың өмір салты болуы керек. Ең қастерлі ұғым болуы керек. Тәуелсіздік мен үшін – отбасым. Тәуелсіздік деген – менің өзім»,  – деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Еліміздің егемендігін жариялаған күні әр қазақтың төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалған еді. 30 жылда Мемлекет өз экономикасын жасады, медицинасын жетілдірді. Әлемнің дамушы біраз елімен терезесін теңестіріп үлгерді. Мәдениеті мен әдебиеті әлем тілдеріне аударылды. Байрақты бәсекелерде сан мәрте әнұран ойналды.

«Әлемде 6 мыңдай тілі бар халық бар. Соның 3 мыңы таза ұлттар. Солардың ішінде 200 ұлттың ғана тәуелсіз елі бар. Соның бірі – Қазақстан. Сондықтан біз тәуелсіздігімізді ылғи да ту қылып, төбемізге көтеруге тиіспіз», – деді жазушы, драматург Смағұл Елубай.

Ел тәуелсіздігін тойлау аясында алматылықтар 3 күнге созылатын «Менің Туым. Менің Отаным!» акциясын бастап кетті. Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздердің бірі  туымызды мыңдаған қала тұрғыны үйлердің қабырғаларына іліп, көк байрағымызды барлық 8 ауданда желбіретті. Жалаулар шаһардың көркін кіргізіп, алматылықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұған дейін азаматтарға туды балкондарға ілгені үшін тыйым салынып келген еді. Олар тіпті айыппұл арқалайтын. Бірақ жуырда ғана елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі қайта қаралып, туды ғимараттар мен салтанатты шараларда патриоттық сезімді білдіру мақсатында пайдалануға рұқсат берілген болатын. Енді міне, ел егемендігін алған күні «Менің Туым. Менің Отаным!» акциясына қатысқан аудан тұрғындары еліміздің нағыз Отан сүйер патриоттары екенін дәлелдей білді.

БЛИЦ:

– Бәріміз іліп жатырмыз. Егер үйге қарасаңыз, көп адам қолдағанын көресіз. Өз еліміздеміз, өзіміздің жеріміздеміз. Ары қарай ұрпақтың бәрі сондай бір жақсы тәрбиемен Отанына, халқына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді.

– Міне, біздің Алатау ауданының жігіттері қазағымыздың туын іліп қойыпты. Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазағымыз жасай берсін, рухымыз биік болсын әрқашан.

– Туымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан – біздің еліміз, үйіміз. Сондықтан Туды үй іргесіне ілу елге деген құрмет көрсету деп ойлаймын.

– Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, ел егемендігі мерекесі қарсаңында біздің ауданның тұрғындары осындай керемет акцияға қатысып, өз үйлерінің қабырғаларына туды іліп, елінің патриоты екенін сезіндіріп жаптыр. Бұл өте тамаша! Бұған бәріміз де қуаныштымыз.

Егемендігімізді асқақтататын, тәуелсіздігімізді күллі әлемге жар етуші мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеу әр қазақстандықтың борышы, тіпті парызы. Ал,оны әлемге таныту жолында еңбек ету – бұл міндет.

Сая Меңдеке, Медет Саматулы, «Алматы» арнасы