Петропавлда ерекше такси жүргізушісі жергілікті халық арасында танымал болып кетті

29.12.2021 01:50

Оны тіпті, Инстаграм желісіндегі оқырмандары балалары үшін арнайы шақыртады екен

Almaty.tv

Петропавлдық такси жүргізушісі Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жолаушыларды қуантып, тұрғындарды діттеген жеріне жеткізіп жүр. Қарапайым жүргізуші Аяз ата киімін киіп, көлігін жаңажылдық стильде безендіріп те алған. Жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін темір тұлпарында бұл күндері тек көңілді әуендер ойнатылады екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Роман Панчуктың жолаушы тасып, нәпақа тауып жүргеніне 8 жыл болған. Ол тұрғындардың күнделікті күйбең тіршілігін түрлендіру мақсатында, Жаңа жыл қарсаңында көлігін безендіруді әдетке айналдырыпты. Өзі Аяз атаның киімін киіп, көлікте көңілді әуендер ойнатады екен.

«Маған көлікті безендірген ұнайды, өйткені оған отырған кезде жолаушылардың жүзінде күлкі пайда болады. Мен адамдарға жасаған жақсылығың әрқашан өзіңе қайтып оралады деп ойлаймын. Сол үшін жан-жағымдағыларға позитивті көңіл күй сыйлағанды ұнатамын. Әсіресе пандемия кезінде адамдар уайымға батты, коронавирустан басқа да қайғылы оқиғалар болған болатын. Сол үшін қолдан келгенше, олардың өмірін бір сәтке болсын таңданысқа, қуанышқа толтырғым келді», – деді қала тұрғыны Роман Панчук.

Аяз ата киімін киген көлік жүргізушісі жергілікті халықтың арасында танымал болып үлгерген. Оны тіпті, Инстаграм желісіндегі оқырмандары балалары үшін арнайы шақыртады екен.

«Сен ақылды болдың ба? Анаңды тыңдадың ба? Үйде көмектесіп, ыдыстарды жуған болсаң, міне, саған кәмпит. Міне, бәрін ал, тәттілердің бәрі де сенікі. Себебі сен ақылды қыз болдың», – дейді балаларға Роман Панчук. 

Роман Панчуктың Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала тұрғындарын осылайша, қуантып жүргеніне биыл үшінші жыл болыпты. Ол дәстүрге айналған ісін әлі де жалғастырмақ ниетте.

Алина Нұрғожа, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан