Сотталушы бір жыл ішінде 240 млн теңге айыппұл өтемесе, түрмеге қамалады
«Пара берді» деп айыпталған Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновке үкім шықты. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметтен өмір бойы аластатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың экс-бас дәрігеріне жаза ретінде өзі берген параны мемлекетке еселеп қайтару міндеттелді. Яғни, сотталушы бір жыл ішінде 240 млн теңге айыппұл өтемесе, түрмеге қамалады. Естеріңізге сала кетейік, Серікбол Мусинов прокуратура қызметкерлеріне 25 мың доллар пара ұсынды деп істі болған. Дегенмен, сотталушы өзінің кінәсін мойындамады. Ол жоғарғы инстанцияларға аппеляцияға бермек.
«Егерде дәл қазір менің рухым құлап, жығылып жатсам, ол – медицина құлады деген сөз. Мен аппеляцияға беремін. Менің қолым таза, әке-шешем сондай тәрбие берген. Үлкен отбасынан шықтым. Өмір бойы мемлекет қайда жіберсе, сонда жұмыс атқардым. Енді 62-ге келгенде сот маған осындай үкім шығарып отыр. Мен онымен мүлдем келіспеймін», – дейді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол МУСИНОВ.