Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты
Жыл сайын «Медеу» мұз айдынында ұйымдастырылатын шара биыл ерекшелене түсіпті. Фестиваль аясында салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған «Жемқорлықсыз спорт» акциясы бастау алды.
Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«WinterFest»-ке келушілер отбасымен бірге демалып қана қоймай, Олимпиада чемпиондарымен эстафета ойындарына қатысып, ұмытылмас әсер алды.
Атақты спортшылар мен Олимпиада чемпиондары Сергей Котенко, Ольга Шишигина, Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченко, Елена Хрусталевалар көпшілікпен бірге мұзда сырғанап, фестивальға қатысушыларымен бірге додалы сайыс ұйымдастырды.
«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз»! Жұмыста болсын, үйде болсын, компьютерден көз алмаймыз, спортпен шұғылдануды қойдық. Демалыс күндері осылай таза ауаға шығып, серуендеп, мұзда сырғанағанға не жетсін. Менің ойымша мұндайда аға буын өкілдері, атақты азаматтарымыз жас буынға үлгі болуы қажет», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, олимпиада чемпионы Ольга ШИШИГИНА.
«Медеу» мұз айдынына жиналған халық одан бөлек, әлеуметтік теңдік пен әділдікті, бейбітшілікті дәріптейтін спорт саласындағы парақорлыққа қарсы бағытталған «Жемқорлықсыз спорт» акциясына да қатысты.
«Біз ұдайы осындай спорттық шараларға қатысуға тырысамыз. Өйткені, салауатты өмір салтын насихаттау қажет. Спортпен шұғылдану керек. Одан бөлек болашақ спортшыларды жемқорлыққа қарсы тәрбилеу өте маңызды», - деді паралимпиада ойындарының жеңімпазы Богдан ДЖЕБКА.
Акция аясында ұтыс ойындарға, байқауларға қатысқандар бағалы сыйлықтармен, құрмет қағаздарымен марапатталды. Ұйымдастырушылар өскелең ұрпақ үшін осындай маңызды шараны Қазақстанның барлық аймақтарында ұйымдастыруды көздеп отыр.
Сая Меңдеке, Дина Жанабекова, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы