Ол үшін шамамен 528 миллард теңге қажет екен
Президент Үкіметке елдегі ЖЭС мен жылу желілерін жөндеуге 3 жыл уақыт берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі жылу жүйелерінің аянышты хәлде екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені қарамағындағыларға тез арада, нақтысы үш жылда шешуді тапсырды. Ол үшін шамамен 528 миллард теңге қажет екен. Ал Екібастұздың жылу жүйесіне жеке тоқталып, жуырда болған жағдайды «нағыз апат» деп бағалады. 90 пайыз тозығы жетіп, мемлекетке бір теңгеге сатуға ұсынылған қаланың жылу электр орталығына сараптама жүргізу керектігін айтты.
«Бұл нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекет тиімді басқара ала ма, ең алдымен, осыны зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде Екібастұзда жеке сектордағы 29 үйде әлі жылу жоқ. Қазір осы аумақтағы ақауды жою үшін 200 адам жұмыс істеп жатыр. Шаһар басшысының айтуынша, көпқабатты үйлерге түгел жылу берілген. Бірақ қала ішіндегі желілерде жылумен қамту әлі де біркелкі емес. Сондай-ақ апат кесірінен электр қуатын шамадан тыс пайдаланған 49 мыңға жуық тұрғынға өтемақы беріледі. Қаржы тұтынушылардың жеке есеп шотына жіберілмек. Ал апаттан зардап шеккен отбасы баспаналарына жөндеу жұмысы жүргізілмек.
«29 жер үй бар, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта 158 адам жұмыс істеп жатыр. Келесі алдымыздағы мәселе - жылу желілерінің балансын реттеу. Бұл өте маңызды. Себебі тиісті жылуға қол жеткізе алмай отырған үйлер бар. Әлеуметтік нысандар да бар. Температуралық параметр ол жерде төмен», – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Екібастұздықтарға көмек көрсету жұмысы әлі жалғасып жатыр. Зардап шеккен жанұялардың балаларына АМАНАТ партиясы демалыс ұйымдастырмақ. Түркістан қаласына жіберу де жоспарланыпты.
«Біз зардап шеккен отбасы балаларына қолдау білдіруді қолға алып жатырмыз. Ол үшін мектеп жасындағы 1000-нан астам оқушыға сол Екібастұздағы балаларды республикамыздағы әртүрлі демалыс үйлеріне, шипажайларға жібереміз. Соның ішінде Түркістандағы да демалыс орындарына да жіберу жоспарланған», – деді Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов
Жалпы қалада Төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап жедел штаб құрылып, жөндеу жұмыстары күні-түні жүргізілген. Қалпына келтіру жұмыстарын 15 желтоқсанға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Назкен Еркін, Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы