Биыл Алматыда 700-ден астам адамды ит қапқан

16.04.2019 22:45

Былтыр мегаполисте 16 мыңнан аса қаңғыбас ит ауланса, биыл небәрі 4 айдың ішінде 5000-ға жуығы ұсталған

Биыл Алматыда 700-ден астам адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен. Жыл басынан бері мегаполисте 5 мыңға жуық ит ауланса, соның тек 600-ге жуығының ғана иелері табылған, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда иттерді аулау үшін арнайы торлар мен гельді ілмектер қолданылады. Өткен жылы мегаполисте 16 мыңнан аса қаңғыбас ит ауланса, биыл небәрі 4 айдың ішінде олардың саны 5000-ға жуықтап қалған.

«Бізге күніне 70-ке жуық ит алып келеді. Бұл көрсеткіш маусымға байланысты өзгеріп тұрады. Қыс пен көктемде иттердің саны көбейсе, жаз айларында біршама азаяды. Біз оларды тек адамдарға шабуыл жасамасын деп қана емес, антропозооноз ауруынан сақтану үшін ұстаймыз», – дейді Алматы қалалық Ветеринарлық қызметі қараусыз жануарларды аулау бөлімінің басшысы Әйгерім ЖАҚСЫЛЫҚ.

Қалалық ветеринарлық қызметінің жануарларға арналған изоляторында дәл қазіргі уақытта 72 ит бар. Мақұлықтарды мұнда кем дегенде 3 күн қамауда болады. Егер осы уақыт аралығында иелері алып кетпесе, иттер эвтаназия жолымен өлтіріледі. Себебі олардан түрлі жұқпалы аурулар тарайды, тіпті адамдар өліп кетуі де мүмкін.

«Иттердің қауіптілігі сонда, олар жұқпалы ауруларды таратады. Оның ішінде құтыру ауруы, эхинококкоз ауруы, листериоз сияқты басқа да қауіпті аурулар бар. Құтыру 100 пайыз өлімге әкеп соқтырады. Басқа аурулар өте ауыр, операция түрінде ғана емделуі мүмкін. Мәселен, эхинококкоз ауруына әкеп соқтырады», - дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Аса қауіпті жұқпалы ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Саят Қауметбаев.

Алматы қаласында соңғы жылдары құтыру ауруы тіркелмеген. Дегенмен, жақында ротвейлер тұқымды екі ит 3 жастағы қызды талап өлтірді. Мұндай қайғылы жағдай қалада осыдан 3 жыл бұрын Алатау ауданында да болған еді. Ол кезде де 2 жасар қыз қайтыс болған.

Ал, №7 қалалық ауруханаға жыл басынан бері ит қапқан 50 адам жүгінген. Зардап шегушілердің көбі ит тістегенде не істеу керектігін білмейді дейді дәрігерлер. Сондықтан, қаңғыбас жануарлардан жапа шексеңіз тездетіп медицина мекемелеріне келу керек.

«Ит қапқан кезде міндетті түрде жедел жәрдем шақырған дұрыс. Науқасқа мұндай жағдайда өздігімен ем алу мүлдем тыйым салынады, жарақатының үстіне түрлі вирустар түсіріп, ауруына ауру жамауы мүмкін. Сол себепті, жедел таза дәкемен орап, ауруханаға келу керек», - дейді Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының дәрігер-травматологы Жасұлан АРҒЫНБАЕВ.

Ит қауып ауруханаға түскендерге алдымен алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, бірінші хирургиялық өңдеу жасалады. Содан соң арнайы екпелер салады. Содан соң қалалық ветеринарлық қызметіне түскен иттерді «Асырап алу» бағдарламасы арқылы келісімшартқа отырып, кез келген адамның алуына мүмкіндік бар.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы.