Республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен бағыты Қонаев қаласынан тыс шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Алматы облысы сәулет басқармасы бас жоспар және аумақты дамыту басқармасының басшысы Айдос Күнесбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, қазір бұл бағыттың бір бөлігі – Алматыдан Талдықорғанға дейін ақылы.
А3 тасжолы Қонаев қаласының дәл ортасынан өтеді. Бұл жолдың бойында казино мен ойын залдары орналасқан. Бірақ бұл тасжол Қонаевтың жаңа бас жоспарына сәйкес келмейді.
"Біз Алматы-Өскемен тасжолы бойында орналасқанбыз. Жолды жылжытуды, яғни тасжолды қала сыртына жылжытуды ұсынып отырмыз. Бұл жүрдек магистраль болғандықтан, норма бойынша қалада бұған жол берілмейді. Бұрыннан бар жолдың мақсаты өзгереді, ол жаңа Іле шағынауданына апарады. Қазір бұл республикалық маңызы бар, А3 санатындағы жол. Ауыстыру бойынша ұсыныстар беріп жатырмыз", – деді Күнесбаев.
Ұсынылған жоба бойынша бағыт қазіргі жолдан батысқа қарай 10-12 шақырымға жылжытылады. Қазіргі бағыт жергілікті жолға айналады.
"Осы жол арасына қалалық нысандарды орналастыруды көздеп отырмыз. Бұл аумақтарда әзірге ештеңе жоқ. Магистраль бойында әскери нысандар мен қоймалар бар, бірақ болашақта оларды да көшіру ұсынылып отыр", – деді Алматы облысы сәулет басқармасының бас жоспары және аумақтарды дамыту бөлімінің басшысы Айдос Күнесбаев.
Сонымен қатар, темір жол да қала сыртына жылжытылады, ол да қазір Қонаев арқылы өтеді.