«Ақ жол» партиясынан президенттік сайлауға түскен Дәния Еспаева үгіт-насихат жұмыстарын Солтүстік Қазақстан облысында жүргізуде. Ол Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытында болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, бұл зауыт бүгінде қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. 2020 жылға дейін кәсіпорынның материалдық техникалық базасы толықтай жаңартылмақ. Оған республикалық бюджеттен 4 жарым млрд теңге қарастырылған. Осындай ірі өнеркәсіп орнының жұмысын толық қуатында пайдалану, дамыту – президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның бағдарламасындағы басты міндеттің бірі. Кандидат зауыттың жұмысымен танысып қана қоймай, түйткіл мәселелерді де сұрап білді.
«Бұл үлкен мекеменің шешілмеген мәселелері де бар. Ол – біріншіден, мемлекеттік сатып алу мәселесі. Бұл зауыт шетелден келген компаниялардың тендеріне қатысады. Бірақ тендерге шетелдік компаниялардың жоспарымен қатысады. Меніңше, шетелдік компаниялар мен мемлекеттік компаниялардың талаптары бір-бірімен сәйкес келуі керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Дәния ЕСПАЕВА.
Петропавл ауыр машина жасау зауыты мұнай-газ, химия, энергетика сияқты өнеркәсіп салаларына арналған қондырғылар мен жабдықтар шығарады. Қазіргі уақытта мұнда 100-ден астам өнім түрін дайындауға мүмкіндігі бар.
«Былтыр 3 жарым млрд теңгенің өнімін өндірдік. Биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін артуы мүмкін. Жоспарымыз сондай. Біз мұнай-газ өндіруге қажетті жабдықтар мен қатар, темір жол мен қорғаныс саласының да тапсырыстарын орындаймыз. Қайта жаңғырту технологияны да жаңартуға септігін тигізіп жатқандығын баса айтқым келеді», – деді кәсіпорын бас директорының орынбасары Ақан КӘРІМОВ.