42 500 теңге: 1 млн 300 мың қазақстандық өз қызметінің мәртебесін ресми түрде растады

19.05.2020 22:55

Бұл туралы Үкімет үйіндегі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді

Sputnik Қазақстан

42500 әлеуметтік төлемнің арқасында еліміздегі 1 миллион 300 мың қазақстандық өз қызметінің мәртебесін ресми түрде растады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Үкімет үйіндегі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға дайындық пен оны енгізу барысында мәртебесі белгіленбеген тұрғындар көп болды. Себебі олар жайлы мағлұмат ешбір ақпараттық жүйеде болмаған. Сәйкесінше бұл азаматтар медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы жүйелеріне қатыса алмаған.

«42500 теңге төлем алушылардың қатарындағы 1 млн 300 мың адам бірыңғай жиынтық төлемін төлеп, өзінің қызметін рәсмилендірді. Бүгінде олар кәсіпкерлердің жеңілдетілген шаралары бойынша салық органдарында және біздің жүйелерімізде бар. Оларға әрі қарайғы легализация және өзінің қызметін жүргізу бойынша барынша көмек көрсетілетін болады», – деді  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Министр кәсіпкерлерге қолдау «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрсетілетінін жеткізді. Шағын кәсіпкерлікпен айналысқандарға жеңілдетілген несие мен гранттар да тағайындалмақ. Сондай-ақ, қызметкерлерді оқытудан өткізу көзделіп отыр. Ал ресми түрде емес, ешбір еңбек келісімшартынсыз жұмыс істемегендерге жергілікті атқарушы органдар көмек көрсетеді. Олар жұмыс берушімен ресми түрде расталған еңбек қатынасын құру бағытында жұмыс істейтін болады.