О. Жандосов көшесі 55/3 үйде орналасқан «Мен Алматылықпын» қоғамдық қозғалысы қажет заттарды жинауға кірісіп кетті
Қалада бірнеше жерден арнайы кеңсе ашылып, олар кешеден бері тамақ, су, киім-кешек пен төсек-орын жабдықтарын жинауға кіріскен. О. Жандосов көшесі 55/3 мекен-жайында орналасқан «Мен Алматылықпын» қоғамдық қозғалысының кеңсесі де алғашқылардың бірі болып қажетті заттарды жинауда деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұйымдастырушылар әсіресе, балаларға арналған тағам мен мен гигиеналық заттар ауадай қажет екенін айтты.
«Кеше біз арнайы пункттің жұмыс істейтіні туралы хабарлама берген соң, 15 минуттан кейін-ақ алғашқы көмек келе бастады. Кеше түнгі 23.00-ге дейін, ал бүгін таңғы 08.00-ден бері тұрғындар ағылып келіп жатыр. Біраз азық-түлік жиналды. Балаларға арналған тағам, жөргек және киімдер керек. Далада қалған арыстық ағайынның күн ыстықта қиналып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, барша алматылықтарды шама-шарқынша жәрдем беруге шақырамыз», – деді «Мен алматылықпын» қоғамдық қозғалысының басшысы Константин АВЕРШИН.
Гуманитарлық көмектің алғашқы легі ертең таңертең жөнелтіледі. Ал, әлеуметтік желілерден көмек керек екенін естіген тұрғындар әр түрлі заттарды әкеліп тапсыруда.
«Өзім Арыс қаласының тумасы боламын. Қазір осы пунктке Арыс тұрғындарына көмек беруге келіп жатырмыз. Қолдан келгенше заттарды шама жеткенше алып беріп жатырмыз», – деді бір тұрғын.
«Көмектесуге келдік. Ел басына күн туғанда жайбырақат жата алмадық. Олар – біздің отандастарымыз ғой, баурларымыз, қазір олар қиын жағдайда. Сондықтан қолдан келгенше оларға демеу бергіміз келеді, олар қамықпау үшін біздің барымызды білдіргіміз келеді», деді жиналған жұрт.
«Әр адамның әр азаматтың борышы – өз ұлтына, өз еліне көмектесу. Сондықтан әрқайсымыз қолдан келгенше көмектессек, одан кедейленіп қалмасымыз анық. Олар бізге бөтен емес, өз ұлтымыз», – деді келесі бір тұрғын.