«Қауіпсіз люк» бағдарламасын іске асыру 2020-2023 жоспарланған
Елордадағы қақпағы жиі ұрланатын құдықтардың мәселесі шешілді. Шойын бітеулерге ұры-қары қырғидай тиген соң «АстанаЭнергоСервис» компаниясы оларды пластикке алмастыруға бел буды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қақпақтар сапалы әрі берік болуы үшін оларды бірнеше қабаттайды. Тіпті, адам аяғының астында жатып, сынып кетсе, ұстап қалатын арнайы тор да қарастырылған. Осылайша, кәріз желісін жауып тұратын қақпақ ұзақ уақытқа дейін шыдайды дейді мамандар. Олар тіпті бас қаладағы ауа-райына да төтеп беруге қауқарлы екен.
«Люктер қайта өңдеуге жатпайды. Демек ұры-қарылар үшін ешқандай қызығушылық туғызбайды. Өте берік, қасиеттерін жоғалтпайды, ұзақ пайдалануға болады. Сыртқы ортаның әсеріне, ультракүлгін сәулеге және температураның ауытқуына төзімді әрі жеңіл. Қыста мұз қатпайды. Қақаған аязда минус 60-қа шыдаса, 150 градус ыстыққа да ерімейді», – дейді «Астанаэнергосервис» АҚ басқарушы директоры Илья РОЖКОВ.
Бағдарламаны жетілдірушілер эстетикалық тұрғысын да естен шығармаған. Қақпақтар түрлі-түсті болмақ. Мысалы, қызыл қақпақтар өрт сөндірушілерге су алуға болатынын меңзейді. Ал жасыл қақапақтар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жанындағы жасыл белдеулерге қойылмақ. Бас қала үшін кәрізді жауып тұратын бұл бітеулер өте өзекті мәселе. Себебі темір қақпақты қолды қылатындар жыл санап артуда. Соның салдарынан былтырдан бері екі жасөспірім мерт болды.
«Әсіресе қыста баладарымыз үшін қатты қорқамыз. Сондықтан оны тезірек жапса екен», – дейді тұрғындардың бірі.
«Мұны қалайда бір жақты қылу керек! Қауіпсіздік – басты мәселе. Балаларымызды қорғауымыз керек», – деді келесі бір тұрғын.
«Қауіпсіз люк» бағдарламасын іске асыру 2020-2023 жоспарланған. Оны «Астанаэнергосервис» компаниясы мен шаһардың коммуналдық қызметтері бірлесе іске асырмақ. Жоба компания қаражатынан және жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақ.