Биыл қазақстандықтар Құрбан айтты 20 шілдеде (сейсенбі) атап өтеді
Алматының бас мемлекеттік дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн-брифинг барысында биыл қала тұрғындары Құрбан айтты онлайн форматта атап өтетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Өткен жылы біз алғаш рет Құрбан айтты онлайн режимде өткіздік. Құрбан шалу, садақа беру толығымен онлайн режимде болды.
Өткен жылы qurban2020.kz сайты арқылы, ал биыл qurban2021.kz сайты арқылы садақа беруге болады. Сондай-ақ, құрбан шалуға да қаражат жиналады.
Құрбандыққа шалынатын мал арнайы орындарға апарып, сойылады. Өткен жылы ол Қарасай ауданында болған еді. Барлығы ұйымдасқан түрде өтті. Ертең Дін істері басқармасымен және Алматы мүфтиімен кездесіп, өткен жылдағы тәжірибені қолдана отырып, Құрбан айтты биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырмақпыз», – деді Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қазақстандықтар Құрбан айтты 20 шілдеде (сейсенбі) атап өтеді. Бес күндік жұмыс істейтіндер 17, 18 шілдеде демалады, содан кейін 19 шілдеде жұмысқа шығады. Сонымен қатар, 20 шілдеде тағы да демалыс болады.