Қазақ қызы «Жер аруы-2019» байқауында Арал теңізі мәселесін көтермек

26.09.2019 23:34

Байқауда биыл әлемнің 80 елінен келген бойжеткен бақ сынайды

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз маслихатында айтылды. Аталған сұлулық байқауының ерекшелігі, қатысушылар өз еліндегі экологиялық проблеманы жеткізеді. Биылғы конкурста Қазақстанның намысын алматылық бойжеткен Алтынай Асенова қорғамақ,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол осы уақытқа дейін бірнеше сұлулық байқауларында бағын сынады. Соның бірі ол «Алматы аруының» финалисі атанған еді.  2001 жылдан бері өтіп келе жатқан «Жер аруына» биыл әлемнің 80 елінен келетін бойжеткен бақтарын сынамақ. Конкурстың жеңімпаздары қазанның 26-сында Филиппин елінің Манил қаласында анықталады.

«100 пайыз дайынбыз деуге болады. Ертең жолға шығуға дайындалып жатырмыз. Біз онда бір ай бойы байқаудың бірнеше кезеңдерінен өтеміз. Биылғы тақырып  гүлдер болғандықтан, біз Қазақстанда пайда болған қызғалдақ гүлін таңдап алдық. Киімдерімізге де осы гүлдің элементтерін қостық. Аздап толқып тұрғаным болмаса, көңіл-күйім өте жақсы», - деді «Жер аруы-2019» байқауының қатысушысы Алтынай АСЕНОВА.