СҚО-да тұрғындар орталыққа қатынайтын автобустың тоқтағанына наразы

04.02.2023 03:44

Ал тұрғындарға қызмет көрсететін жеке кәсіпкердің айтуынша, қоғамдық көліктер жиі бұзылады

Almaty.tv

СҚО-да Мамлют қаласының тұрғындары Петропавлға қатынайтын автобустың жұмысын тоқтатқанына наразы. Бүгін 20-ға жуық тұрғын аудандық әкімдік алдына жиналып, шағымын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамлют қаласының тұрғыны Крестина Полякова - 2 баланың анасы. Оның 5 жасар ұлы аутизммен ауырады. Баласын Петропавл қаласындағы ауруханаға жиі апарып тексертіп тұрады. Енді оны күнделікті облыс орталығына жету мәселесі мазалайды. Себебі қоғамдық көлік жоқ.

«Орталыққа бару үшін автобусқа бар жоғы 540 теңге төлейтінмін, балам үшін де солай жұмсайтынмын. Ал таксимен бару үшін 1500, тіпті 2000 теңге кетеді. Мен енді не істейтінімді білмеймін. Бір апта ішінде тек жолға 12 мың теңге жұмсалады екен. Менің қалтама кәдімгідей салмақ болады», – деді Мамлют қаласының тұрғыны Крестина Полякова

«Студенттер оқуға барайын десе, автобус жүрмейді. Қызым қоңырау шалып, «мама, үйге қалай келемін?» деп сұрайды. Ал кәмелетке толмаған баланы таксиге қалай отырғызып жібересің? Қауіпсіздік жағын ойлайсың. Бізге қоғамдық көлік керек», – деді Мамлют қаласының тұрғыны Ирина Имангулова.

Мамлют қаласының ішінде қатынайтын автобус та 3 жылдан бері жүрмейді. Қарапайым халық діттеген жеріне қалай жетерін білмей дал.

«Қаланың ішінде қоғамдық көлік жүрмейді. Жұмысшы кентінен орталыққа дейін 800, 1000 теңгеге келеміз. Кейде кезекші боламыз, жұмыстан жай қайтқан кезде 1500 теңге алады. Сол жағы қинап тұр», – деді Мамлют қаласының тұрғыны Бектұрған Лақадыл.

Ал тұрғындарға қызмет көрсететін жеке кәсіпкер автобустың жиі бұзылатынын және субсидия жоқ екенін айтады. Бұл мәселені қала әкімі де растап отыр. Ол жақын арада шаруа шешіледі деп сендірді.

«Бұл мәселе бойынша Петропавл қаласының әкіміне хат жаздық. Бүгінгі таңда ол мәселе қарастырылып жатыр. Зейнеткерлерге таксимен жүру қиындау. Таксиге 600, 800, кейбір кезде 1000 теңге төлеу қажет. Сондықтан бұл мәселені тезірек шешу үшін барлық шараны қолданып жатырмыз», – деді Мамлют қаласының әкімі Еркін Самарханұлы.

Бүгінде Мамлют каласында 6000 адам тұрады. Ол облыс орталығы Петропавл қаласынынан 42 шақырым жерде орналасқан.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан