Азаматтар тарапынан берілген бірде-бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ
Астанада Атом электр станциясының құрылысына қатысты кезекті жария талқылау өтті. Ашық жиынға 100-ден аса адам қатысты. Қатарында қоғам белсенділері, жергілікті билік өкілдері мен әр өңірден келген сарапшылар, халық қалаулылары бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қоғамдық талқылауда алдымен сарапшылар сөз алды. Өңір-өңірден келген сала мамандары алдымен АЭС-тің технологиялық қауіпсіздігін түсіндіріп берді. Тиімді тұстарын да тізіп өтті. Олардың айтуынша, атом энергетикасын дамыту елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпалы мол. Қазақстан көрші елдерге энергетикалық тәуелділіктен құтылады.
– АЭС – электр энергиясын өндіретін станция. Елімізде электр энергиясына тапшылық бар. АЭС – 24 сағат бойы 7 күн жұмыс істейтін тұрақты энергия көзі, – деді Ұлттық ядролық орталықтың атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев.
Тұрғындар АЭС-тен шыққан қалдықтарды пайдаға жарату, құрылысына жергілікті жерден жұмысшыларды тарту сынды көкейіндегі сауалын қойды. Азаматтар тарапынан берілген бірде-бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Талқыға келген әрбір жанның пікірі, ойы тыңдалды. АЭС жұмысының экологиялық қауіпсіздігі көпшілікті алаңдатқаны рас.
– АЭС – ғалымдардың дамуына серпін беретін, сонымен қатар еліміздің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірден-бір үлкен жоба. Әлемдегі 30-дан астам мемлекетте бар, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбай.
Қоғамдық талқылау үш сағатқа созылды. Бұл 19-тыңдалымда елордалық тұрғындар өз ойын айтты.
Айта кетсек, АЭС құрылысы бойынша референдум күзге жоспарланған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: АЭС салуда дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенген жөн - сарапшы