Бостандық ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешені іргелес тұратын тұрғындардың наразылық акциясына шығуына себеп болды
Прокуратура Бостандық ауданындағы ірі тұрғын үй кешендерінің бірін салушыға қатысты сотқа талап арыз берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қадағалау органы тұрғындар шағымынан кейін Сәтбаев көшесі, 26/4 мекенжайы бойынша тұрғын үй кешенін салу кезінде сәулет нормаларының сақталуына талдау жүргізді.
«Прокурорлар халықтың тығыз орналасуы мен нысанның құрылысы қолданыстағы нормалардың рұқсат етілген шекті параметрлерінен асып түсетінін, сондай-ақ білім беру нысандарына жүктеме бары ескерілмегенін анықтады», - делінген ведомство хабарламасында.
Бұл ретте құрылыс компаниясы өз міндетіне 900 орындық мектеп салуды алған. Алайда, бұл нысанның айналасында қазірдің өзінде 2274 орындық ЖББ мектеп пен балабақшаға тапшы. Демек құрылыс компаниясы мектепті салғанның өзінде 1374 орын жетіспейтін болады. Сонымен қатар құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың басқа да фактілері анықталды.
«Осыны ескере отырып, Бостандық ауданының прокуратурасы Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасының эскиздік жобаны келісу бойынша әрекетін заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді. Прокуратура ықшамаудан тұрғындарының шағымына сәйкес бұл нысан құрылысының тұжырымдамасын қайта қарау қажет деп санайды», - делінген хабарламада.