Билік өкілдері туындаған қиындықтарды жеңуде белсенділік танытты – Б. Қисықов

17.02.2021 23:05

Қала әкімінің жыл сайынғы есебі – халықпен өзара іс-қимылдың жақсы көрінісі

almaty-akshamy.kz

2021 жылдың 17 ақпанында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мегаполис тұрғындарына есеп беру кездесуі өтті. Мегаполис басшысы Алматының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жетістіктері және 2021 жылға арналған даму жоспарлары туралы айтты. Есеп беру жиыны жөнінде жазушы, қоғам қайраткері, қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Қисықов өз ойын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы ақшамына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, пандемия кезінде қала әкімдігі жинақылықтың батылдықтың үлгісін көрсеткенін айтты.

«Әлі есімде, қала әкімі пандемиядан бір ай бұрын есеп беру кездесуін өткізген. Болған оқиғалар бүкіл әлемдегі жағдайды өзгертіп, пандемия елдің дегбірін алды. Міне, сондай сын сағаттарда қарапайым тұрғындар үрейге бой алдырған болса, қала әкімдігі, керісінше, жинақылықтың, батылдықтың үлгісін көрсетті. Бәлкім, қателіктер болған шығар, өйткені біз ғана емес, бүкіл әлем алғаш рет осындай пандемияға тап болды. Көптеген елдер қателіктер жіберді. Өйткені, індетке қарсы қалай әрекет етіп, халықты дәрі-дәрмекпен қалай қамтамасыз етуді ешкім білмеді. Туындаған қауіп-қатерлерге қалай қарсы тұру керектігінен бейхабар болды. Дегенмен, қала билігі бұл тұрғыда  лайықты жұмыс жасады деп есептеймін. Билік өкілдері туындаған қиындықтарды жеңуде белсенділік танытты», – деді Б. Қисықов.

Сонымен қатар қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде осындай екіжақты диалогтардың барынша көп болғаны дұрыс деп есептейді.

«Бүгінде пандемияның жалғасуына қарамастан, қала дамып келеді. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, мегаполисте құрылыс белсенді жүргізіліп жатыр, түрлі қалалық және әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың іске қосылуда. Оның ішінде «Бақытты отбасы», «Isker Ana», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау секілді бағдарламалар бар. Қала экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да дамып келеді. Яғни, біз артқа шегінбедік, бірақ алға қарай жылжуды жалғастырамыз. Әрине, қала құрылысына, экологияға, қоғамдық көлікке қатысты әлі де шешілмеген мәселелер көп. Мұндай түйткілді мәселелер қоғамдық тыңдауларда, тікелей тұрғындармен талқылауды қажет етеді. Бұл бағытта қала билігі қоғам белсенділермен бірге диалог орнатып отыр. Мен қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде осындай екіжақты диалогтардың барынша көп болғанын қалаймын. Ал қала әкімінің жыл сайынғы есебі – халықпен өзара іс-қимылдың жақсы көрінісі деп білемін», – деді Б. Қисықов.