Алматыда Түркия республикасының 11-ші президенті Абдулла Гүл зиялы қауым өкілдерімен кездесті

20.11.2021 23:05

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның экс-президенті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл келді. Ғылыми кітапханада белгілі саясаткер университеттің оқытушы-профессорларымен және студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтулы шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев, Олжас Сүлейменов, Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Шілдебай сынды зиялы қауым өкілдері, дипломаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шара басында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға университетке келгендігі үшін алғысын айтып, Қазақстан мен Түркияның  көпжылдық жемісті ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан мен Түркия – бауырлас мемлекет. Екі елдің қарым-қатынасы Тәуелсіздікке дейін басталған.Қазақстан егемендігін алғанда алғаш құттықтап, достық ниетін жеткізген Түркия мемлекеті болатын. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеттері ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және алдағы екі ел ынтымақтастығының 30 жылдығы аясында  Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдулла Гүл мырзаның университетімізге келгені айрықша мәртебе», – деді университет ректоры.

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ құрметті мейман Қазақстанды дамытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі рөлін айрықша атап өтті.

«Осындай кездесуді ұйыдастырып, жылы қыбылдағандарыңыз үшін универсиет ректоры Жансейіт Түймебаевқа және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Қазақстан біздің Атажұртымыз. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Қазақстанның жетістіктерін біз ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырамыз. Бүгінде елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр.  Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегі. Ол халық пен елдің игілігі үшін көптеген шараларды ұйымдастырып, Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының сара жолын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев абыроймен жалғастырып келеді», – деді Абдулла Гүл.

Кездесу барысында Абдулла Гүл жиналғандарға дәріс оқыды. Сонымен қатар Түркияның қоғам қайраткері өзінің саяси саладағы көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында Абдулла Гүлге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ университет ректоры Жансейіт Түймебаев мейманды Әл-Фараби Алтын медалімен марапаттады.

Еске сала кетейік, Абдулла Гүл 2002-2003 жылдар аралығында Түркияның премьер-министрі, кейін премьер–министрдің көмекшісі, шетел істері министрі қызметін абыроймен атқарған. Ал,  2007-2014 жылдар аралығында Түркияның Президенті болды.