Алматыда 900-ден астам ПИК жұмыс істейді
Алматыда пәтер иелері кооперативінің жұмысына түсетін шағымның 70 пайызы қаржылық есепке байланысты. Жұмсалған қаржының есебін тұрғындар талап ете алады. Тіпті енді онлайн режимінде қарап отыруына мүмкіндігі бар. Осы мақсатта арнайы жеке портал іске қосылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бостандық ауданындағы көпқабатты үйдің іргесі осыдан 26 жыл бұрын қаланған. Содан бері бірнеше пәтер иелері кооперативі басқарып үлгеріпті. Олардың алмасуына үйді қараусыз қалдыруы себеп болған. Балалар ойнайтын алаңының әбден тозығы жеткен.
«Аула енді тек қана бір жол ғана болған. Таспен салынған. Балалар ойнайтын жерде бір құм салатын жер болатын. Сол топырақтың ішінде ғана ойнайтын еді. Ол темірден жасалған. Балалар жиі құлайды. Енді қазір көріп тұрсыздар қалай гүлдеп, жайнап тұрғанын», – деді Гүлмаржан ИБРАГИМ.
Мұнда қазір тек алаңқай ғана емес, үйдің жағдайы да жақсарған. 120-дан астам пәтері бар үйді тұрғындар арасынан сайланған жаңа кооператив басшысы қолына алып қалпына келтірген. Әлі деп жоспары аз емес.
«Күрделі жөндеуге арналған жинақтаушы шот арқылы шатырды жөндедік. Әлде де соның арқасында жертөлені реттейміз деп отырмыз. Кіреберісте сымдарымыз аллюмин, электр жәшіктерін ауыстырамыз деп отырмыз», – деді «Асыл мекен» ПИК төрайымы Разия АСАНБЕКОВА.
«Асыл мекен» пәтер иелері қарамағында бір үй болса, Ерлан Бисембаев басқаратын «Самал» тұтынушылар пәтер иелерінің кооперативі 41 үйге қызмет көрсетеді. Жалпы саны 2 мың пәтер бар. Оның төрағалық етіп келе жатқанына 10 жылға жуықтаған. Ол ең алдымен шатырды қалпына келтіріпті. Жылыту жүйесін, үйдің кіреберісін жөндеп ауланы абаттандырған. Мұндай жұмыс үйді қамтуға арналған қаржыны төлеп, қарызы жоқ азаматтардан басталады дейді кооператив басшысы. Тіпті қаржысы жетпей жатқан жандарға да қолдау көрсетілетін бағдарлама қарастырылған.
«2015 жылдан бастап бәріміз бірауыздан көмек көрсетеміз. Күрделі жөндеуге арналған қорды демеушілерді тартып, шығынын өтейміз. Мәселен, бізде жалға алып отырған коммерциялық фирма өз ұсыныстарын айтса, мен қаржысы жетпей тұрғынға қолдау көрсетсең, оның да мәселесін шешіп беремін», – деді «Самал» тұтынушылар пәтер иелерінің кооперативі төрағасы Ерлан БИСЕМБАЕВ.
«Самал-1» шағынауданында тұрғындар жарыса өз ауласын абаттандыруға ат салысып жатыр. Яғни жасыл желекті, гүлдерді өздер сатып алып, бақ жасап қойған.
«Қазір көгалдандырды. Барлығы бар таза. Төраға жаман кісі емес», – деді Майра СОЛТЫБАЕВА.
Десе де, қалада пәтер иелері кооперативі жұмысына шағым да азаяр емес. Жыл сайын тұрғын үй саясаты басқармасына 3 мыңнан астам арыз келіп түседі екен. Оның 70 пайызы қаржылық есеп-қисабына байланысты дейді мамандар. Тұрғындар енді жұмсалған қаржы көлемін онлайн режимде бақылап отыра алады. Осы мақсатта арнайы сайт іске қосылған.
«Онлайн e.ksk жүйесіне тіркеліп, тұрғындар өз ПИК туралы толық ақпаратпен танысуға болады. Ол жерде апаттық қызмет, диспетчерлік қызмет, лифтілер туралы толық дерек бәрі көрсетілген. Одан кейін қазір бізде онлайн түрде жалпы жиналыс өткізетін мүмкіндік бар», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.
Алматыда 900-ден астам ПИК жұмыс істейді. Олар қаладағы 8 мыңнан астам көпқабатты үйге қызмет көрсетеді.
Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы