Шараға қалалық әкімдік өкілдері, қызметтес әріптестері, батырдың туған-туыстары қатысты
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында із қалдырса?». 2016 жылы 18 шілдедегі теракт кезінде мерт болған отставкадағы полиция подполковнигі Ғани Нұриманов тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жар басы жастыққа тимей, бейбіт халықтың өмірі үшін ажал құшқан есіл ердің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.
«Террористің қолынан қаза тапқан Ғани Айтбайұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің шешіміне сәйкес, өзі тұрған үйде мемориалды тақтаның ашылу рәсімі болды», – деді қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.
Ғани Нұримановтың құрметіне орнатылған мемориалды тақтаның ашылу рәсіміне қалалық әкімдік өкілдері, қызметтес әріптестері, сонымен қатар батырдың туған-туыстары қатысты. Олар бейбіт күнде қызметтік парызын орындау кезінде қаза тапқан азамат ерлігін еске алып, ыстық естеліктерін айтты.
«Дәл бүгін барша халық Ғани Айтбайұлын еске алып, мемориалды тақта орнатылып жатқанына өте қуаныштымын. Ғани Айтбайұлы 25 жыл халыққа, Отанға адал қызмет еткен ұлтжанды азамат болатын. Өкініштісі, еңбек демалысына енді ғана шыққан сәтінде қаза болды. Әйтсе де, артынан ерген ұрпақтарға өшпес із қалдырып кетті», – деді Ғ.Нұримановтың әріптесі Халида Ғалиахметова.
«Әкем өте қатал, бірақ қатты қатал деп айтсақ қателесеміз. Себебі, өз ісіне адал, отбасымызда өнегелі мүше болған. Әкемізді өмір бойы сүйіп келгенімізді, қатты сүйгенімізді енді ғана түсініп жатырмыз. Қазақ халқы батырларын ешқашан ұмытпау керек», – деді Ғ.Нұримановтың ұлы Санжар Нұриманов.