Қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді

21.05.2024 00:41

Бұрын сотты болған шетелдік педофилдер, экстремистер, лаңкестер Қазақстанға кіре алмайды

Аlmaty.tv.

Енді қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді. Қазақстан азаматы атанғысы келетіндер төл тарихымыздан да хабардар болуы керек. Көші-қонға қатысты жаңа заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы қол қойған заңның жаңалығы көп. Қазақстан азаматтығын алудан үміттілерден алдымен сұралатыны – тіл мен төл тарих. Келетіндердің қазақ тілін ең болмағанда қарапайым деңгейде білуі шарт. Талап ол ғана емес. Ата заңдағы негіздерден де хабары болуы керек. Осылайша Қазақстанның көгілдір төлқұжатын иеленгісі келетіндер білім деңгейіне қатысты сынақ тапсырады.

– Мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білмесе, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерінен хабардар болмаса, онда азаматтық берілмейді. Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын болады. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет, – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Құжаттағы тағы бір жаңашылдық бұрын сотты болған шетелдік педофилдер, экстремистер, лаңкестер Қазақстанға кіре алмайды. Оларға ел азаматтығын беруге тыйым салынып отыр. Ал бұрын азаматтықтан шығып, кері оралғысы келетіндер құжатты  қайта қалпына келтіре алмайды. Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған ағайынға мемлекет қолдау көрсетпек. Үкімет түзген тізімдегі аймаққа барған қандастарымызға шаруашылыққа жер телімін, үй-жай беру қарастырылған. Мұнымен қоса, ел қазынасынан отбасы мүшелеріне көмек ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығынына өтемақы төленеді.

– Этникалық қандастар мұндай емтихан тапсырмайды. Бұл – өзге елдің азаматтарына қойылатын талап. Бұл талап дамыған елдердің бәрінде бар. Ресей мен Голландияда жәй жұмысқа барсаңыз азаматтық алмай-ақ виза алып барасыз, бірақ аула сыпырушысы болып істеу үшін де орыс тілін талап етеді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.

Ресми дерек бойынша, былтыр атажұртын аңсап келген 26 мың 800-ден астам адам азаматтық алған. Отанға оралғандардың Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан келген. Соңғы 32 жыл ішінде Қазақстанға 1 миллион 128 мың этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл қазіргі халықтың  5,6 пайызын ғана құрап отыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисидің қазасына байланысты Иран халқына көңіл айтты