«Алматы» арнасының Youtube каналына тіркелушілер саны 300 мыңға жетті

11.03.2019 20:36

«Алматы» телеарнасының YouTube парақшасында жарияланған видеоматериалдарды тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің 70 елінің тұрғындары көреді

«Алматы» телеарнасының Youtube каналына тіркелушілердің саны 300 мыңға жетті. Бұл қаланың тыныс-тіршілігінен көк сандық арқылы ғана емес, ғаламтор арқылы да хабардар бола алатынының айқын дәлелі.

Есте болса, аз ғана уақыт бұрын «Алматы» телеарнасының YouTube-каналына 100 мың тіркелуші жазылып, тиісінше Google корпорациясының өкілдері «күміс түймені» табыстаған болатын. Егер каналға жазылушылар саны осы қарқынмен өсе беретін болса алдағы 1 жыл көлемінде YouTube-тың «алтын түймесіне» қол жеткізуге болады дейді Интернет-жобалар бөлімінің өкілдері.

«Алматы» телеарнасының YouTube-парақшасында жарияланған видеоматериалдарды тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің 70 елінің тұрғындары көреді. Көрермендер саны жағынан көш басында отандық интернет тұтынушылары болса, олардан кейін Ресей, Қырғызстан, Моңғолия мен Украина азаматтары тұр.

«Қазір YouTube ақпараттардың тоғысқан жеріне айналды. Оған біз әзірлеген жаңалықтар да үлес қосуда. Кейбір видеоматериалдарымыз мыңдап қаралса, кейбірінің қаралымы миллионнан асып кетеді. Біздің YouTube каналда тек жаңалықтар ғана емес, телеарна түсірген фильмдер, телесериалдар мен бағдарламалар бар. Олар да тіркелушілер санының артуына үлкен септігін тигізді. Биыл жаңа жобаларымыз бар, телеарнаны жан-жақты дамытуымыз керек», - дейді «Алматы» телеарнасы Интернет жобалар бөлімінің контент-менеджері Виктор ГЛУЦЕНКО.

Қызық дерек. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, «Алматы» телеарнасының YouTube-каналын нәзік жан иелері көп көреді екен. Олардың үлесі 55 пайызды құраса, қалған 45 пайызы ер адамдарға тиесілі.

Ал, дизайны ғана емес, форматы да жаңартылған жаңа сайттағы жаңалықтар мен бағдарламалардың қаралымы да артқан. Бұл контенттің кеңеюіне тікелей байланысты болса керек.  

«Жаңа жылдан бастап жаңа дизайндағы сайтты іске қостық. Мақсатымыз жай түр-сипатын ғана өзгерте салу емес, қолдануға ыңғайлы, техникалық жағынан жетілген сайт жасау еді. Өйткені, бұрынғы сайтты Google, Яндекс секілді іздеу жүйелері дұрыс таба алмайтын. Салдарынан сайттың қаралымы да аз болды. Ал қазір жаңа сайтты іске қосқан күннен бастап эффект беріп отыр, қаралым 5 есеге дейін артты», - дейді «Алматы» телеарнасы Интернет жобалар бөлімінің жетекшісі Серғали БАЛАЖАН.

Осылайша «Алматы» арнасы жаһандық үдерістен қалыс қалар емес. Көрермендерінің жас ерекшеліктеріне байланысты ғаламтор арқылы да, классикалық теледидар арқылы да шынайы ақпарат пен салмақты бағдарламаларын ұсынуда.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Теги: сайт