Мәжілісте агломерацияларды дамыту туралы заң жобасы қабылданды

23.11.2022 23:32

Заң төрт қала мен облыстарға қатысты болмақ

Almaty.tv

Қазақстандағы ірі қалалардың қасындағы ауылдарда инфрақұрылым жақсаратын болды. Президент өзінің Жолдауында агломерация туралы Заң қабылдауды тапсырған болатын. Осыған сәйкес бүгін сол Заң жобасы Мәжілісте қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Агломерация - халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан тұратын болады. Мысалы, Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары облысқа қатынап барып жүрсе, ол біз айтып тұрған агломерация болып саналады. Бүгін бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы осындай агломерациялық орталықтарды дамытуды көздейді. Яғни, облыс пен қала басшылары бірігіп, екеуі де бюджеттен қаражат шығарып шекарадағы ауылда немесе елді мекендерде инфрақұрылымды жақсартуға септеседі. Бұрын екі өңірге бюджетті бірігіп пайдалануға тыйым салынған болатын.

«Бізде қазір Алматыны алсақ, Алматы облысының 5 ауданы қаламен шектеседі.  Сол аудандарды қалай дамытамыз? Аудандарды қалай жұмыспен қамтамасыз етеміз? Бүгінгі айтып отырған заң әкімдер осы мәследе бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Күзиев.

Бастамашылардың сөзінше, бұл заң төрт қала мен облыстарға қатысты болмақ. Экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, агломерацияларды дамыту туралы заң жобасы Алматы қаласы әкімдігіне сырттан қарыз алудың тағы бір тетігін береді. Бірақ, берешекті тек теңгемен алу шарт.

«Мұндай мүмкіндік тек Алматы қаласына ғана берілетінін айта кету керек. Бұл қаражат Алматы маңындағы агломерацияның аумағында инфрақұрылымды дамыту жобаларына жұмсалуы керек. Ал оның лимиті бюджетті реттейтін нормаларға сай белгіленеді. Алматы қаласының бюджеттік мүмкіндігі белгіленген. Демек аталған мақсатқа алынатын сыртқы қарыздың лимиті сол белгіленген бюджет мүмкіндіктерінен аспауы керек. Лимит осы негізде реттеледі», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министрдің сөзінше, Дүниежүзілік банк тобының International Finance Corporation дейтін құрылымы бар. Осы IFC ұжымы Алматы қаласының әкімдігіне тиісті қаражат беруге дайын. Бірақ ол ұлттық валютамен беріледі екен. Айта кетейін, «Агломерацияларды дамыту туралы» заңның таныстырылымы биыл 20 қазанда өткен болатын. Бұл заң жобаларын әзірлеуді Президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында тапсырған еді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана