Шымкентте өкпесі 95% зақымданған ананың нәрестесі ауруханадан шықты

Шымкентте өкпесі 95% зақымданған ананың нәрестесі ауруханадан шықты
Нәрестенің жағдайы ауыр болғандықтан, бір айға жуық жансақтау бөліміндегі аппаратта жатыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте өкпесінің 95 пайызы зақымданған анадан туған сәби аман-есен ауруханадан шықты. Нәрестенің қазіргі жағдайы бірқалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шымкент қаласындағы №2 ауруханаға қарасты перзентханада екі айға жуық жатқан шақалақты дәрігерлер бүгін үйіне сән-салтанатпен шығарып салды.

36 жастағы жүкті келіншек 2021 жылдың 16 желтоқсан күні ауыр халде №2 қалалық ауруханаға жедел жәрдем қызметімен жеткізілген.

Дәрігерлер науқасты тексере келе өкпесінің 95 пайызы зақымданғанын анықтап, жансақтау бөліміне жатқызған.

Шұғыл түрде білікті дәрігерлер командасы консилиум жасап, жүкті келіншекті аурухана базасында кесір тілігі арқылы босандырып алыпты.

«Босанған соң анасы 19 күн бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Жағдайы жақсарған соң палатаға ауыстырдық. Науқастың өзі толық сауығып, ауруханадан шықты»,-дейді №2 қалалық ауруханасының бөлім меңшерушісі Гүлсім Байділдаева.

Ал мерзімінен бұрын дүниеге келген қыз баланың салмағы 980 грамм ғана болған.

Нәрестенің жағдайы ауыр болғандықтан, бір айға жуық жансақтау бөліміндегі аппаратта жатыпты. Бұған қоса қан құйылып, қарқынды терапия емі жасалған.

Қазір сәбидің салмағы - 2094 грамм.

«Бүгін біз үшін қуанышты күн. Айназ есімді қызымызды үйіне аман-есен шығарып салдық. Кішкентай періштені 54 күн бойы перзентхана ұжымы барынша күтіп, ем жасады. Бүгінде сәбидің салмағы екі келіден асты», - дейді №2 қалалық ауруханаға қарасты перзентхананың бөлім меңгерушісі Насиба Корганбаева.

Қазіргі уақытта ана мен баланың өміріне еш қауіп жоқ дейді мамандар.



Новости партнеров