Алматыда студенттер жол мамандарымен кездесті

23.04.2024 23:22

Олар «Жол активтері сапасының ұлттық орталықтарындағы» зертханалардың бірінде тәжірибеден өте алады

Almaty.tv

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің Алматы қалалық филиалы жол саласының мамандарын даярлайтын оқу орнының студенттерімен кездесу өткізуде. Мақсат – жолшы мамандығын насихаттау, артықшылықтары мен өзгешелігін түсіндіру. Филиал директоры Мәулен Тоқтарбайұлы бастаған ұжым Алматыдағы ЖОО студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Болашақта жол саласының маманы болатын шәкірттер ұлттық сапа орталығымен үнемі байланыста. Олар мекеменің ашық есік күндеріне қатысып, оқу тәжірибесінен өтіп жүр.

Жол сапасын бақылайтын мекеме оқу орындарына арнайы жабдықталған жылжымалы жол зертханасын алып барды. Жолдың тегістігін, сапасын, ақауларын анықтайтын түрлі өлшеу құралдарымен жабдықталған көлік «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің әр филиалында бар. Жылжымалы жол зертханасының жұмыс істеу принциптеріне қызыққан студенттер әмбебап көлікпен жақынырақ танысты. Жол құрылысы мамандығында білім алып жүрген жастар кездесуде белсенді болды.

– Студенттерді үлкен аудиторияға немесе мәжіліс залына жинап алып, дәріс оқығанша танымдық кездесу өткізген әлдеқайда тиімді деп ойлаймын. Себебі болашақ жол саласының мамандары қазірден бастап бұл саланың қыр-сырымен, жұмыс істеу әдістерімен жақын танысуға мүмкіндік алады. Қажетті құрал-жабдықтарды, компьютерлік бағдарламаларды көреді. Жолшы мамандығы кабинетте отырып емес, көшеде немесе жол бойында жұмыс істейтін қадірлі мамандық, – деді мекеме басшысы Мәулен Тоқтарбайұлы.

Студенттерге білім беретін ұстаздар да мұндай кездесулерді құптайды. Тіпті шәкірттеріміз құрылғыларды қолмен ұстап, жақынырақ танысады деп қуанады. Сәулет Шаяхметов бірнеше толқын жол құрылысы саласының мамандарына білім беріп, даярлаған білікті маман. Ұстаз «осы салада оқу бітіріп, диплом алатын шәкірттерім елдің жол саласына жаңа серпін береді» деген үмітте.

– «Автомобиль жолдары» мамандығында оқып жүрген 3 және 4-курс студенттері кездесуге қатысып отыр. Жол активтері сапасының ұлттық орталығына болашақ мамандар үшін осындай мүкіндік тудырғанына рахмет айтамыз. Аудиторияда отырып, процестің суреті мен видеосын көрсету басқа. Ал осындай жылжымалы жол зертханасын көзбен көріп, ішіне отырып көру мүлде бөлек. Дәл осы тақырыпта диплом жұмысын жазып жатқан балалар бар. Құрылғылардың мүмкіндіктерін көзбен көріп, ерекшелігін жеткізу үлкен мүмкіндік – деді Сәулет Шаяхметов.

Ал студенттерді алда өндірістік тәжірибе кезеңі күтіп тұр. Болашақ жол мамандары «Жол активтері сапасының ұлттық орталықтарындағы» зертханалардың бірінде тәжірибеден өте алады.    

Оқи отырыңыз: Білімді мыңды жығады: ҚазҰУ экономикадан олимпиада өтті