Тоқаев: Астана су қоймасының алдағы 1-2 жылда сарқылып бітетіні анық

11.07.2023 23:23

Мемлекет басшысы Астана әкіміне қаладағы жағдайды жақсартуға бір жыл уақыт берді

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкіміне қаладағы жағдайды жақсартуға бір жыл уақыт берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Президент елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізіп, бас қаланың кемшін тұстарын жіпке тізді. Интернет пен ұялы байланыстың нашарлығын, құрылыстағы олқылықтар мен қоғамдық көлік мәселесін айтып, тапсырмалар дер кезінде және тиімді орындалуы керек деп пәрмен берді.

Алматыға іс-сапармен барған Президентке ондағы қоғамдық көлікті бақылайтын орталықтың жұмысы ұнаған. Бұл саладағы цифрлық шешімдер оң нәтижесін беріп жатыр деген Мемлекет басшысы Елорда әкіміне Алматының тәжірибесін қолдануға кеңес берді. Сонымен қатар, ЛРТ құрылысына қаражат бөлінгенімен жұмыстар көзге көрінбейтінін сынға алды. Сондай-ақ ол шіліңгір шілдеде қалың жұрт ауыз суға зәру болғанын да тілге тиек етті.

– Елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының алдағы 1-2 жылда сарқылып бітетіні анық, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Президент Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайтынын айтты. Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінемін деген Мемлекет басшысы Экология министрінен бұл бағытта нендей кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.

– Қазіргі таңда Астана су қоймасына Сәтпаев атындағы каналдан Есіл өзенінің арнасына дейін тазарту және тереңдіктен толтыру бойынша жұмыстар жасап жатырмыз.  Екінші бағыт, Астана су қоймасын қайтадан жаңарту және жаңғырту жобасы бойынша іске асады, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.  

Құрылыс саласы да назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Елордада «әлеуметтік нысандардың орнына тұрғын үйлер салынып жатыр» деді. Қазір Астанада 10 млн шаршы метрге жуық баспана тұрғызылуда. Құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейтінін айтқан Президент салада олқылықтар өте көп екенін жеткізді. Астанадағы интернеттің сапасы да сөз болды. Қаланың қақ ортасында байланыстың болмай қалатынын Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин түсіндіріп көруге тырысты.

– Қалада мобильді байланыс мүлде ұстамай қалатын 70-ке жуық орын бар. Біз 3 ай бойы зерттеп көрдік. Ол орындарда радиофобиясы бар адамдар тұрады екен. Яғни, байланыс базасын орнатуға қарсы адамдар. Қазіргі заң бойынша тұрғын үйдегі бір адам осындай базаны орнатуға қарсы болса, оны біз қоя алмаймыз. Енді заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Базаны орнатуға кем дегенде 50 пайыз тұрғын қарсы болған жағдайда ғана ондай құрылғы орнатылмайды, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин

Елорданы дамыту жөнінде кеңеске Премьер-министрден бастап, бүкіл ведомство басшылары қатысты. Президент орнықты жылу жүйесімен, сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, тұрғын үй құрылысын ретке келтіру, Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру үшін іс-шаралар қабылдауды тапсырды. Ал бұл пәрменді орындауға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке бір жыл уақыт беріліп отыр.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана